
Атырау облысында жаңа оқу жылына дайындық аясында бірінші сыныпқа қабылдау науқаны өтті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, құжат қабылдау 18–28 маусым аралығында жүргізілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, биыл облыста 15 200 бала мектеп табалдырығын аттайды. Науқан барысында 9 981 өтініш тіркелген: оның 5 959-ы электронды OQU платформасы арқылы eGov порталына жолданса, 4 022-сі қағаз түрінде қабылданған.
Тексеру кезінде талаптарға сәйкес келмеген 3 810 өтініш түзету үшін кері қайтарылды. Қазіргі таңда 6 171 баланың құжаттары мақұлданды: 4 139 оқушы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға, ал 2 032 оқушы орыс тілінде оқытатын сыныптарға қабылданды.
Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиева ата-аналарға құжаттарды толық әрі дұрыс рәсімдеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қабылдау процесін жылдам әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
В Атырау +21.4