Атырау, 5 қазан 14:16
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Үздік театр ұжымы анықталды

7 828 просмотра

«Киров» халық театрының «Біз де ғашық болғанбыз» спектаклінен көрініс

Сәуірдің 27-сі мен 29-ы күні аралығында Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрында «Шынайы шымылдық» атты драма ұжымдарының байқауы болып өтті. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген бұл байқауда халықтық атағы бар сегіз театр және «халықтық» атағынан үміткер үш театр ұжымы, сондай-ақ, «Кең Жылыой» мәдениет үйі жанындағы оркестр өнерлерін көрсетті.

-Жылыойдағы оркестрдің өнер көрсетіп келе жатқанына он жыл толғанына қарамастан, халықтық атағын әлі алмаған. Біз оны ережеден тыс болса да қосып отырмыз,- дейді байқауды ұйымдастырушылардың бірі Балықшы кентіндегі шығармашылық орталық директоры Алма АНДАРБАЕВА.

Бүгіндеоблыста барлығы 27 халықтық театр және 2 үлгілі көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Ал аталмыш байқауға қатысқан театр ұжымдары өз репертуарларындағы спектакльдерді сахналау арқылы сыналды. Мәселен, Қызылқоға ауданының «Арман» мәдениет үйінің театры «Әке тағдыры» спектаклін, Жангелдин мәдениет үйінің драма ұжымы «Алтын сақина» спектаклін, Индер мәдениет үйінің драма ұжымы «Арысын күткен арулар» қойылымын, «Жарсуат» мәдениет үйінің драма ұжымы «Қабаған ит» спектаклін, Исатай ауданындағы «Аққыстау халық театры «Жүгініс түні жеткенде» спектаклін, Атырау қаласындағы «Амангелді» халық театры «Жаралы гүлдер» спектаклін, Атырау қаласындағы орыс халық театры «Предложение» спектаклін, Құрманғазы ауданының «Теңіз» халық театры «Кемпір шалдың кенжесі», ал «Киров» халық театры «Біз де ғашық болғанбыз» спектакльдерін, «Кең Жылыой» халық театры «Ғашықсыз ғасыр» қойылымын, Махамбет ауданының «Алға» халық театры «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясын сахнаға шығарды. Сахнаға қойылған спектакльдер арқылы қазылар алқасы «үздік рөл», «үздік режиссура», «үздік қойылым», «музыкалық көркемдеу» және «үздік декорация» атты бес номинация бойынша таразы басына салды.

Қазылар алқасы демекші, қазылар алқасына театр өнеріне еңбегі сіңген белгілі режиссер Чапай Зұлқаш төрағалық етті. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында ҚР мәдениет министрлігі мәдениет комитеті кинематография және театр өнері басқармасының сарапшысы Клара ТӨЛЕУҒАЛИЕВА болды. Клара Сахиқызы аудан, ауыл тұрғындарының түрлі мамандық иесі бола тұра, театрдан табылып отырғанына және жалпы сол әуесқой әртістердің ойынына риза болғанын, сондай-ақ, оларға қолдау көрсетілу керектігін айтты. Осындай байқау арқылы таланттарды табуға болатынын сөз ете келе, тек аудандардағы театр ұжымдары ғана емес, Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрының өзі де Алматыға барып, республикалық деңгейдегі театрлар байқауына қатысса артықтық етпейді деген пікір қосты. 

Ал қазылар алқасының тағы бір мүшесі, театрдың бас суретшісі Гүлмаржан МАХАМБЕТ: «Әртістер өздерімен бірге бірталай декорация, костюмдер ала келіпті. Соған қарамастан, олардың сахнаға қажетті киімнен тапшылық көретіні рас. Сол себепті, киіммен қамту жағынан Махамбет атындағы облыстық драма театры да көмекке келді. Сөз жоқ, бұл ұжымдарға шығармашылық өсу ауадай қажет. Қазіргі күні оқу орындарын бітіріп жатқан жас мамандар ауылдық жерлерге барып, халықтық ұйымдарды көтерсе құба-құп болар еді. Өз басым қандай да бір көмек, ақыл-кеңес сұраған жерге барудан ешқашан бас тартқан емеспін. Ал халықтық театрлардың үлгілі тұсы ретінде олардағы таза ұлттық қазақы рухты айтар едім. Қызылқоға театрының алаша, кебеже, сырмағына дейін шынайы көрініп, нағыз ауыл тұрмысын көз алдымызға келтірді» десе,аталмыш облыстық драма театрының режиссері Асылбек ЫҚСАН: «Халықтық театрларға қойылатын талап деңгейі, әрине, басқаша болды. Біз оларға кәсіпқой әртістердей қараған жоқпыз. Дегенмен, бұл өнерпаздардан үйренетін тұстарымыз да бар. Ол дауыстарының ашық, емін-еркін шығатыны. Қазір кәсіби театрлардың өзінде дауыс, артикуляция деген жетпей жатады ғой. Осы байқаудан кейін облыстық драма театрының халықтық ұжымдарға іссапарларға барып, екі арада тығыз байланыс орнатуы жөнінде ұсыныс беріп отырмыз. Онда актерлік шеберлік сабақтары өткізіліп, арнайы жаттығулар жасалатын болады» деді. Сонымен бірге, режиссер байқау барысында өзінің өнерімен ерекше көзге түсіп, көрерменді тәнті еткен талант иелерін қойын дәптеріне жазып алып отырған. Демек, олар режиссердің болашақтағы жоспарына ілігіп, алдағы уақытта облыстық театрдың репертуарындағы спектакльдер рөлдерінің біріне ие болуы әбден мүмкін.

Сонымен, «Шынайы шымылдық» байқауының қорытындысы бойынша, Құрманғазы ауданының «Киров» халық театры бас жүлдеге ие болды. Ал Атырау қаласына қарасты «Амангелді» халық театры - 1-орынға шықты. Қызылқоға ауданының «Арман» мәдениет үйінің халық театры мен Махамбет ауданының «Алға» халық театры - 2-орын, Қызылқоға ауданының «Жангелдин» мәдениет үйінің драма ұжымы, «Индер» мәдениет үйінің драма ұжымы және Атырау қаласындағы орыс халық театры - 3-орынды иеленді.

«Үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша Қызылқоғадан келген театрдың «Әке тағдыры» спектакліндегі басты рөл - әкенің рөлін сомдаған Сағидолла ЯКУПОВ, «Үздік әйел бейнесі» бойынша Индер ауданынан келген театрдың «Арысын күткен арулар» спектакліндегі колхоз председателі әйелдің рөлінде ойнаған Шаида ОРАЗҒАЛИЕВА, үздік режиссер ретінде «Амангелді» халық театрының «Жаралы гүлдер» спектаклін сахналаған Қайыржан МУТИЕВ танылып, «Үздік декорация» номинациясы бойынша тағы да Қызылқоға ауданынан келген «Жангелдин» мәдениет үйінің «Алтын сақина» спектаклін қоюшы суретші Мұхамед МАХМУТОВ марапатталды.

Оған қоса, «Жангелдин», «Индер» және «Жарсуат» мәдениет үйлерінің драма ұжымдары жаңадан «халықтық» деген атаққа ие болды. 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

4 мамыр 2011, 14:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.