Атырау, 25 маусым 20:59
 дождьВ Атырау +28.4
$ 487.02
€ 552.23
₽ 6.51

36 жыл бойы балабақшасыз: Ынтымақ ауылының тұрғындарына тағы да күтуге тура келеді

Сурет Бейнежазба
98 рет қаралды

Индер ауданының Ынтымақ ауылында мектепке дейінгі жастағы 60-тан астам бала тұрады, алайда елді мекенде балабақша жоқ.

Ауыл тұрғындары аудан әкімі Серік Нысанбаевқа бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені көтеріп, өтініш білдірген. Алайда ресми жауапта аудандық әкімдік балабақша құрылысы бойынша мәселе әлі шешілмегенін хабарлады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, кезінде Ынтымақ ауылында 25 орындық балабақшаны совхоз салып берген. Алайда 1990 жылдары Кеңестік үкімет ыдыраған кезде балабақша үйі жекеге сатылып кеткен. Иесі кейін оны бұзып, материалдарын пайдаланған. 

-10 жыл болды 50 орындық балабақша салып береміз деп уәде бергелі. Жиын сайын аудан әкіміне бірнеше рет мұқтажымызды жеткіздік. Тыңдайды, кетеді, сосын жоқ болады. Қаржы жоқ дейді, қалайша, бала - біздің болашағымыз емес пе, адам факторы кейінгі орынға қалған ба? Мен төрт немеремді көрші ауыл Елтайға қатынап, "Қызғалдақ" балабақшасына тасып жүрмін. Бұл бірнеше жылға созылды, немерелерімнің алды ержетіп, студент атанып жатыр, әлі балабақша жоқ. Осы ауылда 1-5 жас аралығында 60-тан астам бала бар,-дейді зейнеткер Сағира Асанова. 

Осы ауылдан көрші Елтайдың "Қызғалдақ" балабақшасына 12 бүлдіршін қатынайды екен.

- Менің бес балам бар, жалғызбасты анамын. Жолдасым қайтыс болды. 3 жасар қызым көрші ауылдағы балабақшаға барып жүр. Үнемі қатынау қиын, бірде көлік болмайды, енді бірде ауа райы бұзылып қатынай алмаймыз. Осы ауылдан замануи балабақша ашылса екен,-дейді Перизат Мусағалиева

"Балабақша ғимаратын салып берсе, балаларымыз қаңғып жүрмес еді, әрі көп адамға жұмыс табылар еді" дейді Ынтымақ ауылының тұрғындары.

Аудандық әкімдікте балабақша құрылысы мәселесін қайта қарау 2027 жылға жоспарланғаны айтылды. Әзірге тұрғындарға күте тұруға тура келеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видео автордікі

Бүгін, 19:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.