
Атырау қаласының прокуратурасы мемлекет меншігіне жалпы құны 700 млн теңгеден асатын активтерді қайтарды.
Жер қатынастары мен мемлекеттік мүлікті басқару саласына жүргізілген талдау барысында сенімгерлік басқарудың тиімсіздігі анықталды. Мәселен, жергілікті атқарушы орган жеке кәсіпкерге 93,7 млн теңге тұратын жертөле үй-жайын бергенімен, ол келісімшарт талаптарын орындамаған. Соған қарамастан, нысанды уақытылы қайтарып алу шаралары қабылданбаған.
Прокуратура заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізгеннен кейін мемлекет балансына құны 400 млн теңгеден асатын бірнеше жылжымайтын мүлік қайтарылды.
Сонымен қатар, жер қатынастары саласында да тәртіп орнатылды. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде ұзақ уақыт бойы игерілмей келген, жалпы құны 300 млн теңге болатын 28 жер учаскесі мемлекетке өткізілді.
Прокуратура мемлекеттік мүлікті қорғау және жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өтті.
В Атырау +26.1