
Бірнеше жыл ішінде «Жылыойсу» КМК 360 млн теңгеден астам айыппұлға тартылды. Алайда айыппұлдың бір бөлігі әлі төленген жоқ, ал соттың талаптары орындалмай тұр.
Бұған дейін "АЖ" Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентінен шыққан тазартусыз және рұқсатсыз кәріз суының ашық алаңқайға ағып жатқаны жөнінде жазған еді. Жарияланымнан кейін Атырау облыстық экология департаменті төмендегідей жауап жіберген.
Департаменттің мәлімдеуінше 2022 жылы Құлсары қаласының өндірістік аймақтарына және Жаңа Қаратон кентіндегі булану алаңына тазартусыз және рұқсат құжаттарынсыз сарқынды суларды төгу дерегі бойынша "Жылыойсу" МКК-на тексеру жүргізген. Нәтижесінде МКК-ға анықталған заң бұзушылықтар туралы хаттамалар толтырылып сотқа жолданып, 90 млн теңгеден астам көлемінде айыппұл салып өндірген.
2023 жылы заң бұзушылық қайта анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша «Жылыойсу» КМК-ға тағы да 270 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Материалдар мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін сот орындаушыларына жолданды.
Бұдан басқа, департамент "Жылыойсу" МКК-на Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентінен тазартусыз, рұқсат құжаттарынсыз сарқынды суларды төгуін тоқтату туралы талап арызбен Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді. Департаменттің талап арызы қанағаттандырылып, шешім күшіне еніп, атқару парағы әділет органдарына орындау үшін жолданды.
Айта кету керек, 2023 жылы салынған айыппұл "Жылыойсу" МКК-нан әлі толық өндірілген жоқ. Сарқынды суларды төгуді тоқтату шешімі де орындалмастан тұр.
Экология департаменті алдағы шараларды сот орындаушылары қабылдауы тиіс екенін хабарлады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +30.1