
Қостанай облысының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау мақсатында алимент бойынша берешекті өндіріп алу жұмыстарын күшейтті.
Жыл басынан бері 157 борышкер жауапқа тартылып, 240 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.
Прокуратура бастамасымен өңірлерде «Enbek қолдау» бос орын жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 100-ден астам алимент төлемейтіндер жұмысқа орналастырылды. Бұл балаларды асырауға тұрақты төлемдердің түсуіне мүмкіндік берді.
Алименттен жалтарған борышкерлерге ерекше назар аударылуда. Мәселен, Рудный қаласының тұрғыны 3,5 миллион теңге қарызын өтеуден бас тартып, сот шешімін орындамаған. Нәтижесінде оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша іс қозғалып, сот бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды.
Жыл басынан бері прокурорлық қадағалау актілері арқылы 200-ден астам баланың құқықтары қорғалды. 132 борышкер әкімшілік, 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура алимент бойынша берешекті өндіріп алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
В Атырау +30.5