
Конституциялық Сотқа құқық қорғау органдары қызметкерлерін қызметтен босатуға қатысты «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 81-бабының 6-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру жөнінде өтініш түсті.
Өтініш беруші бала күтіміне байланысты демалыста жүрген кезінде ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылғанын айтып, еңбек заңнамасындағы кепілдіктерге сүйенген. Алайда бірінші және апелляциялық соттар оның талабын қанағаттандырмаған.
Конституциялық Сот құқық қорғау қызметінің жария-құқықтық сипатқа ие екенін және мемлекеттің маңызды функцияларын атқаратын мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты заң шығарушы қызмет өткеру мен тоқтатудың арнайы шарттарын белгілеуге құқылы.
Сот Еңбек кодексінің 144-бабына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары арнайы заңдардағы ерекшеліктер ескеріле отырып реттелетінін көрсетті. Бұл олардың қызметін тоқтату мәселелері ең алдымен құқық қорғау қызметі туралы заңнамамен айқындалатынын білдіреді.
Даулы норма жалпы қағида ретінде демалыста немесе емделуде жүрген қызметкерді жұмыстан шығаруға жол бермейді, бірақ заңда көрсетілген кейбір жағдайларда ерекшелік қарастырылған.
Конституциялық Сот өтініш берушінің уәждері жалпы юрисдикция соттарының шешімдерімен келіспеушілікке байланысты екенін атап өтті. Ал Конституциялық Сот сот актілерін қайта қарамайды, тек құқықтық мәселелерді қарайды.
Алдын ала зерделеу нәтижесінде өтініш берушінің конституциялық құқықтарының бұзылғаны туралы қорытынды жасауға негіз табылған жоқ.
В Атырау +28.1