
«Ақ Жайық» тілшісі Атырау-Орал тас жолының ахуалын өз көзімен көріп қайтты. Кейбір тұстарында ол республикалық маңызы бар магистральдан гөрі кедергілер алаңына көбірек ұқсайды.
Қарсы жолақта
Жақында Атырау-Орал тас жолы арқылы Өрлік ауылына жол түсті. Ауылға жеткенше жанымызды шүберекке түйіп келдік. Қайтар жолда да сол үрей.
Асфальт ойдым-ойдым, әр жерде бітпейтін шұрық-тесік, шұңқыры мен ойығы көп шоқалақ жол. Көлікте тегін аттракционда отырғандай сезіндік. Қарсы жолақта келе жатқан жүк көліктері ой-шұңқырды айналамыз деп алдымызға шығып кетеді. Жол-көлік апаты қаупі бір емес, бірнеше рет туындады.
Басымызды қауіп-қатерге тігіп, еске алу дастарханына ойқы-шойқы жолмен арпалысып барып келдік. Стресс алғанымыз алған енді. Үйге келе сала тырысып қалған денемізді босатуға уақыт қажет болды.
Енді бұл трассаға шықпаспыз деген ойға келдік. Бала күнімізде жылына бір рет жүретін жолдың дәл мұндай бомба түскендей күйде екенін қалай білмей келгенмін. Көлік жүргізушілері айтқанда тап осындай жыларман күйде деп ойламаппын.
Апаттар жиі болатын тас жол
Мәселе тек шоқалақ мен ойылған асфальтта емес — мұндай жолдың өзі апат қаупін күшейтетін факторға айналған.
Атырау-Орал республикалық тас жолының ұзындығы жалпы 487 шақырымды құрайды, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын байланыстырады және III техникалық санаттағы жолға жатады.
Атырау – Орал тасжолы жиі жол-көлік оқиғалары туралы ақпараттарда аталып жүр.
Былтыр қарашада Талдыкөл ауылы тұсында екі жасөспірім осы Атырау-Орал тас жолында жол-көлік оқиғасы кезінде көз жұмған. Тура бір айдан соң жылқыға соғылып барып, басқа көлікке соқтығысу салдарынан бір көлік жүргізушісі мен жолаушы қаза тапты. Тағы бір айдан соң, биыл қаңтарда осы тас жол бойында орналасқан Qazaq Oil жанармай құю бекеті маңында Mercedes пен Газель автокөліктері соқтығысып, бір жолаушы оқиға орнында тіл тартпастан кеткен.
Ал жақында осы тас жолдың 9-шақырымында жедел жәрдем көлігі бұзылып қалып, жолда қалғаны әлі есімізде. Көлік егіз сәбиді Сарайшық ауылынан қаладағы облыстық балалар ауруханасына әкеле жатқан. Көлік те ескі болар, бірақ жолға шығатын көлікті әдетте сайлап алушы еді, оның бұзылуына жол да кінәлі болуы мүмкін.
Былтыр қараша айының басында «АЖ» осы Махамбет және Индер аудандары бойынша өтетін Атырау-Орал тас жолында шұңқырларды жамау жұмыстары жүрген. Сол кезде «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы өкілдері республикалық бюджеттен қаржы бөлінбесе де жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жөндеу жұмыстарын өз бастамаларымен бастап кеткенін алға тартқан.
Адам өміріне қаупі жоғары трасса мәселесі бойынша көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» АҚ мекемесіне ресми сауал жолдадық.
Жөндеуге берген уәделер жылдарға созылды
Бізге келген жауапта вице-министр Мақсат Қалиақпаров «Атырау – Орал» автожолының 5-189 шақырымында, яғни, Атырау қаласынан Индер ауданы Аққала ауылына дейін жөндеу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Оның сөзінше, қазір 5-95 км (90 км) учаскесіне техникалық құжаттама әзірленіп жатвыр. Содан кейін мердігерді таңдау үшін конкурстық процестер өткізіледі.
Ал 95-189 км (94 км) учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары басталып, мердігер қажетті материалдарды дайындау және техниканы жұмылдыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл Атырау облысы бойынша ақпарат.
Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша 189-249 км – Атырау қаласына қарайтын Алмалы ауылынан Батыс Қазақстан облысымен шектесетін шекарасына дейін 60 км, 372-492 км - Орал қаласынан Чапаев ауылына дейін 120 км жөндеу жоспарланған.
Оның ақпараты бойынша, қаржыландыру Қазақстанның Даму Банкінің қаражаты есебінен жүргізілді. Жобаларды іске асыру кезеңі - 2026 - 2027 жылдар.
Атап өтейік, «Атырау – Орал» автомобиль жолының 5–189 шақырым аралығын жөндеу екі учаскеге бөлінген: 1-учаске 95-189 және 2-учаске 5-95 шақырым аралығы. Бұл ақпаратты «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Абзал Олжабаев өз жауабында нақтылаған.
Оның сөзінше, бұрын да ресми хабарланғандай, бұл учаскелерде орташа жөндеу жұмыстары жүреді және жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Аталған трассаның 95–189 шақырым бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарын «АБК-Автодор НС» ЖШС мекемесі жүргізеді. Мердігермен жалпы сомасы 24 млрд 918 млн 747 мың 299,25 теңгені құрайтын келісімшарт жасалған.
Олжабаевтың айтуынша, осы учаскеде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын және жұмыс 2028 жылғы жол-құрылыс маусымының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Негізгі жөндеу аяқталғанға дейін қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шаралар қарастырылған: шұңқырларды жамау, жол белгілерін орнату және сызықтарды жаңарту. Қазір мұндай жұмыстар 78–95 шақырымдық учаскеде жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушыларды алдын ала хабардар ету және қауіпсіздікті арттыру мақсатында аталған учаскеде «Кедір-бұдыр жол» және «Ұсынылатын жылдамдық» жол белгілері орнатылғанын да хабарлады.
Бұл - ойқы-шойқы жолдан қарсы жолаққа шығып кетіп жатқан көліктерге қауіпсіздік кепілі болса жақсы. Ал болмаса ше?...
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +31.6