
Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мемлекеттік тапсырыс аясында Жайық өзеніне 1 миллионнан астам бекіре тұқымдас балық шабағын жіберді.
Бұл жұмыс популяцияны жасанды жолмен толықтыруға және Каспий теңізінің су биоресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық міндеттемелерді орындауға бағытталған.
Зауыт бекіре тұқымдас балықтарды өсімін молайту мақсатында табиғи ортадан аулауды жүзеге асыратын мемлекеттік монополия субъектісі болып табылады. Мұнда қолданылатын биотехнология басқа кәсіпорындардағы әдістерден ерекшеленіп, шабақтардың өміршеңдігі мен табиғи ортаға бейімделуін арттырады.
Өсіру тоғандарындағы жағдай табиғи ортаға барынша жақын: шабақтар өздігінен қоректенуді үйренеді, жыртқыштардан қорғану дағдыларын қалыптастырады, температуралық және гидрологиялық өзгерістерге бейімделеді. Соның арқасында табиғи су айдындарына жіберілгеннен кейін олардың өміршеңдігі жоғары болады.
2026 жылға арналған мемлекеттік тапсырыс аясындағы бұл жұмыс мемлекеттік органдардың, ғылыми қоғамдастықтың және балық шаруашылығы субъектілерінің қатысуымен жүйелі түрде жалғасуда.
В Атырау +27.7