
Қазақстан астанасы 2027 жылғы мәнерлеп сырғанаудан беделді Төрт құрлық чемпионаты өтетін орын ретінде ресми түрде бекітілді.
Ауқымды мереке Астанада 2027 жылғы 9-14 ақпан аралығында өтеді. Қазақстандық мұз айдынында Азия, Америка, Африка және Океания елдерінен жиналған планетаның ең мықты мәнерлеп сырғанаушылары бас қосады. Сарапшылар бұл турнирдің өткізілуін Қазақстанның имиджі үшін де, қысқы спорт түрлерінің жаһандық дамуы үшін де маңызды белес деп атап үлгерді.
Михаил Шайдоровтың олимпиадалық алтынының әсері
ISU (Халықаралық конькишілер одағы) таңдаудың Астана пайдасына шешілуіне біздің елімізде мәнерлеп сырғанау танымалдылығының жедел әрі ғаламат өсуі тікелей себеп болғанын баса айтты.
Бұған 2026 жылдың ақпан айында Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан алтын медаль жеңіп алған қазақстандық Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісі қуатты серпін берді. Шайдоровтың сенсациялық табысы республикада мәнерлеп сырғанауға деген бұрын-соңды болмаған қызығушылық тудырып, мыңдаған қазақстандық баланы спорттық секцияларға келуге шабыттандырды.
Алдағы Төрт құрлық чемпионаты Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет қабылдайтын мәнерлеп сырғанаудан ең ірі әрі маңызды дербес турнир болмақ. Бұған дейін елде 2011 жылғы қысқы Азиада мен 2017 жылғы қысқы Универсиада сәтті өткізілген болатын, онда да мұздағы спорт түрлері басты назарда болды.
Халықаралық конькишілер одағы не дейді?
ISU басшысы Ким Джэ Ёль әлемдік деңгейдегі турнирдің Орталық Азияға тұңғыш рет табан тірейтініне шынайы қуанышын білдірді.
«Мәнерлеп сырғанаудан ISU Төрт құрлық чемпионатын Қазақстанда тұңғыш рет өткізетінімізге қуаныштымыз. Бұл Орталық Азиядағы осы спорт түрінің жанкүйерлері үшін әлемдік деңгейдегі жарысты өз көздерімен көруге және мұздағы кумирлеріне қолдау көрсетуге тамаша мүмкіндік. Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға деген құштарлық мүлдем жаңа деңгейге көтерілді және Астана спортшылар, жанкүйерлер мен мүдделі тараптар үшін керемет алаң болатынына сенімдіміз. Біз Қазақстанның осы қызықты іс-шараға әкелетін ерекше энергиясын, қонақжайлылығы мен өршілдігін сезінуді асыға күтеміз», — деп ресми мәлімдеді Ким Джэ Ёль.
В Атырау +26.4