Атырау, 22 қараша 21:08
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Итальяндық Атырауда музыкалық бейнебаян түсірді

2 863 просмотра

Біз Атырауда мамандығы бойынша жұмыс жасай жүріп, классикалық опералар мен заманауи эстрадалық әндерді орындап, жергілікті көрермендерді таңғалдырып жүрген итальяндық инженер Тони ТУРИ туралы бұрын жазған едік («Неаполитандық әндер елшісі Атырауда»).

Содан бері ол қазір Алматыда тұратын итальяндық сазгер Аугусто АМИГУЧИМЕН бірлесіп шығарған өзінің «Amo te» (Сүйем сені) әніне музыкалық бейнебаян түсіріп үлгеріпті. Өлеңнің бір ерекшелігі, мәтінінде италия және қазақ сөздері аралас қолданылады.

Тони өз бейнебаяны жөнінде былай дейді:

- Мен Атырауды насихаттаған бірде-бір музыкалық бейнебаян көрген жоқпын. Ал мен бұл қаланы өте жақсы көремін. Сондықтан да қала көрінісінің аясында түсемін деп шештім. Бұл - Атырауда шын мәнінде болған махаббат хикаясы. Жалпы, бұл түсірілімдер менің өмірім үшін өте маңызды. Кім біледі, болашақта жақсы музыкант болатын шығармын.

Тонидың айтуынша, оның шығармашылық идеялары көп екен, тағы бір жаңа ән жазуды қолға алыпты.

Фото студияның директоры және бейнебаян түсірушілердің жетекшісі Арман ХАЙРУЛЛИН былай дейді:

- Тони бізге Атырау көрінісі аясына бейнебаян түсіруге ұсыныс жасады. Ол өзіне қатты ұнайтын осы қаланы көрсетуді қалады. Тони бұл әннің сөзін қазақ қызына арнап жазғанын айтты. Бейнебаянда оның мотоциклмен, қайықпен жүрген көріністері бар, яғни, ол сүйген қызын іздеп жүр. Бұл бейнебаянмен ол қазақ қыздарының сұлулығына, ақылдылығына, тартымдылығына бас иіп, ризалығын білдіргісі келеді. Сюжеттер барысында ол қыздарға гүл береді. Ал соңында өзінің шын сүйетін қызын табады.

Тони бұл өлеңді Астраханда өтетін фестивальде айтқысы келеді, ол Ресейде өтетін ән байқауында Атыраудың атынан шығатын болады. Оның Италия және Испаниядағы достары бұл бейнебаянды көріп, Қазақстан және Атырау туралы білетін болады. Біз мұны шектеулі уақытта тез түсірдік. Дегенмен, мен жұмысымызға ризамын.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

25 қазан 2013, 18:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.