Атырау, 10 желтоқсан 23:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Атырауға 20 жаяу жүргінші көпірі салынады

5 593 просмотра

Облыстық әкімдікте жол-көлік оқиғаларының көбею проблемасына қатысты өткен кеңесте қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ таяу уақытта Атырауға Абай алаңындағы «Мэриотт» отелінің маңындағы көпір секілді көлік көп қозғалатын көшелер арқылы өтетін 20 жаяу жүргінші көпірі салынатынын хабарлады. Осы жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын жасау басталды.

АҚЫЛДЫ КАМЕРАЛАР

Қала әкімі мен облыстық ІІД басшысы Арман ЖАЛМҰХАНБЕТОВ облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ «Қауіпсіз қала» бағдарламасын таныстырды. Ол бірінші кезеңде қаланың 40 нүктесіне ереже бұзған жүргізушінің көлігінің нөмірін ғана тіркемей, сол сәтте оның жеке басын сәйкестендіретін «зерделі» бейнетіркеуіштер орнатуды қарастырады.

Бұл аспаптың «ақыл-ой қабілеті» мынада: ол жол учаскесіндегі ахуалға өзі талдау жасайды, ықтимал ереже бұзушылықты болжайды, орталық компьютерге мәліметтерді жолдап, күмәнді көлікті суретке түсіріп алу үшін қолайлы қырын таңдайды. Бұл жобаның құны 3 млрд теңгеге бағаланып отыр. Алматыда мұндай жоба сәтті жүзеге асырылды. ІІД басшысы жабдықтың қаладағы 600 бейнекамерамен бірге жұмыс істейтінін түсіндірді.

Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жәнібек ШӘРІПОВТІҢ айтуынша, жыл басынан бері облыс жолдарында 364 ЖКО тіркеліп, 84 адам қаза болып, 451 адам жарақат алған. Елді мекендердің көшелерінде 186 ЖКО орын алып, 18 адам қаза болған, 204 адам жарақаттанған. Республикалық маңыздағы жолдарда 74 ЖКО болған, 50 адам қаза болып, 117 адам жарақат алған.

Атырау-Орал тас жолын «ажал жолы»деп атауға болады. Бұл жерде 9 ай ішінде 30 ЖКО орын алған - 19 адам қаза болып, 45 адам жарақат алған. Атырау – Астрахан тас жолында 21 адам, Атырау – Ақтөбе тас жолында 10 адам қаза болған.

 

«ЖҮК КӨЛІКТЕРІ ЖОЛДЫ БҮЛДІРЕДІ»

Самат ҒИЛЫМОВСамат ҒИЛЫМОВҚР көлік бақылау комитетінің «Каспий» инспекциясының басшысы Самат ҒИЛЫМОВ әсерлене сөйледі. Оның айтуынша, Атырау – Орал тас жолын жүк көліктері бүлдірген:

Бүкіл облыс үшін инертті материалдар Индер ауданынан тасымалданады. Ол үшін Орал жолы пайдаланылады. Құм пен қиыршықтасты тасымалдаушылар жүк көтеру салмағы 40 тоннаға дейін баратын карьер самосвалдарымен жүреді. Ал бұл жолдағы жүктерді тасу нормасы – бір оське 8 тонна. Мемлекеттік органдар мен мердігер мекемелердің басшыларының бұған көз жұма қарайтыны таң қаларлық. Біз жол полициясымен біріккен іс-қимыл жоспарын құрдық. Осылайша, біз құрылыс құмы тиелген жүк көліктерінің бірсыпыра керуенін ұстап, 9 ай ішінде 262 млн теңгеге айыппұл салдық. Қазір маған кейбір жол полицейлерін бойкүйездікке айыптауға тура келіп отыр. Атырау-Орал тас жолында Индер мен Махамбет аудандарының маңында қызметкерлер «Оське 8 тонна жүк салмағы» деген жол белгісінің жанына тұрып алып, салмағы 20-40 тоннадан болатын КамАЗ-дарды өткізіп жіберетінін талай рет көрдім.

Біздің инспекция бірнеше мәрте хат жазып, ҚР Салық кодексіне өзгерістер енгізуге қол жеткізді. Қазір арнайы рұқсатсыз жүк салмағын нормадан асырғаны үшін біз кәсіпорынға бір көлікке 1,2 млн теңгеге дейін және әр жүргізушіге 30 АЕК-ке дейін айыппұл саламыз.

ЖКО-ның алдын алу тәсілдерінің бірі техникалық байқаудан дер кезінде өтіп тұру боп табылады. 2011 жылы техникалық тексеруден өтетін көліктер үлесі 63 пайызды, 2012 жылы 57 пайызды, 2013 жылдың 9 айы ішінде 43 пайызды құрады. Заң бойынша қалған бүкіл техниканың 57 пайызы айыппұл тұрағында тұруы тиіс. Жол полициясының қайда қарап отырғанын түсінбеймін. Өліммен аяқталатын жол апатының «қара жолағын» жеңу үшін облысқа заңсыз таксилерді түбегейлі жою керек деп есептеймін. Басқа облыстарда ауылдарды автобуспен тасымалдау үшін жергілікті бюджеттен демеуқаржы бөлінеді. Біздің облыста аудандық автобус маршруттарына тендерлердің жартысы тиімсіз болғандықтан өтпеді деп танылды. Міне, сондықтан да заңсыз таксилер көбейіп жатыр. Жеңіл табысқа құмарту салдарынан «шумахерлер» аса қатты жылдамдықпен ұшырып жүргізіп, адамдардың ажалына қалады.

Облыс әкімі мемлекеттік органдар мен жол мекемелерінің басшыларын ҚР көлік және коммуникациялар министрлігіне іссапарлап барған кезде, бүлінген «Ресеймен шекара – Атырау-Ақтөбе» жолдарының іс жүзіндегі ахуалы туралы тіс жармайтындығын ащы сынға алды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

25 қазан 2013, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.