Жайық өзенінің су қорғау белдеуіне мейманхана мен мейрамхана салу жоспарланыпты. Анықталғандай, бір жыл бұрын «ҚазМұнайСервис» ЖШС-не басшылық еткен Үндістан азаматы қаладан осы жер телімін (1 439 шаршы метр) үш миллион теңгеге сатып алған екен.
Өзеннен бірнеше метр жерде орналасқан едәуір жер телімі дуалмен қоршала бастағаннан кейін дүрлігіс басталған. Наразы болған тұрғындар, бұрыннан келе жатқан «Орал» мейрамханасы мен ҚазНИГРИ басшылығы жағалауға шығатын жолды жауып тастаған құрылыстың салынуына жол бермеу үшін күш біріктірді.
– Бірнеше жыл бұрын мен билікке осы жерден көлік қоятын жерді жарақтау ұсынысымен шыққан едім. Алайда су қорғау белдеуіне құрылыс салуға тыйым салатын заңға сілтеп, ұсынысымды қабыл алмады, - дейді «Орал» мейрамханасының директоры Бәтес ЕСҚАЛИЕВА. – Бұл аумақты әрі қарай мейманхана салу үшін қоршаған кезде менің таң қалғанымды көрсеңіз.
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының «АЖ» сауалына берген жауабында бір жыл бұрын учаскені беру туралы қаулыға Атыраудың бұрынғы әкімі Асқар КЕРІМОВТІҢ қамауға алынар алдында қол қойғандығы анықталды. Бірақ бірқатар профильді мекемелерге хабардар етілмеген. Ал бастысы, осы жер телімін бөлу кезінде Жайық өзенінің жағалауына дейінгі қашықтық ескерілмеген.
Табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВТІҢ айтуынша, ереже бойынша жағалауға 35 метрден жақын жерге қандай да болмасын нысандар салуға болмайды. Ал бұл құрылыс өзеннен 13 метр қашықтықта жобаланып, дуал жағалау бекінісіне өте жақын орналасқан.
Жайық-Каспий бассейндік су қорларын пайдалануды реттеу және қорғау инспекциясының бастығы Бисен ҚУАНОВ рұқсат берген кезде оларға ешкім хабардар етпегенін атап өтті:
– Мен осы жер телімін бөлген кезде біздің инспекцияның өкілдерін комиссия құрамына әдейі енгізбеген немесе қандай да болмасын бұрма жолдарды тапқан деп есептеймін.
Қазіргі уақытта табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Ғани АБДРАХМАНОВТЫҢ айтуынша, прокуратура жерді құрылыс салуға беру туралы қаулыны жоюды, ал жер телімін беру туралы келісімшартты жарамсыз деп тануды талап етіп, экономикалық сотқа талап арыз берген.
Анастасия ПАСТУХОВА