Атырау, 19 маусым 15:22
 дождьВ Атырау +33.3
$ 487.73
€ 558.99
₽ 6.63

​«Теңізді соғымға қоспақ па?» Қазақстанның басты мұнай активіне неліктен өзге газ қажет болды

119 рет қаралды

Қазақстанның мұнай-газ секторында қызу пікірталас өршіп тұр. Кулуарларда бұрын-соңды болмаған идея – Қашаған газын Теңізге айдау мәселесі талқылануда. Әзірге бұл тек пікір алмасу деңгейінде болғанымен, мәселенің қойылуының өзі алаңдатарлық белгі саналады. Елдің басты кенішіндегі өндірісті қолдау проблемасы енді алыс болашақтың емес, бүгінгі күннің шындығына айналғанын атап өтеді мұнай-газ сарапшысы Асқар Исмаилов.

Теңіз – жай ғана ірі кеніш емес, Қазақстан экономикасының негізі саналады. 2025 жылы мұнда 39 млн тонна мұнай өндіріліп, бұл елдік көлемнің 40 пайызын құрады. 2026 жылдың кей айларында ТШО тәулігіне 1 млн баррельге дейін жетті. Бірақ әдемі есептердің артында елдің макроэкономикалық тұрақтылығына қауіп төндіретін мәселе бар.

Кенішке қысымды ұстап тұру үшін газ қажет. Өз қоры жеткіліксіз болса, өндіріс күрт төмендеуі мүмкін. 

«Газ мұндай алып кеніштерде сатылатын тауар ғана емес, өндірісті сақтап қалудың технологиялық құралы. Газ тапшылығы қабат қысымының төмендеуіне, ал ол өндірістің күрт құлдырауына әкеледі», – дейді мамандар.

Осы тұста Теңізде құны 2 млрд долларлық газсепарациялық кешен құрылысы сынға ілікті. 

Жоба жылына 10 млрд текше метр газ өңдеуді көздейді, этан мен пропан бөліп алып, полиэтилен өндірісін дамытуға бағытталған. Бірақ егер бұл кешен Теңіздің өз қажеттілігін ескермей, жасанды газ тапшылығын туғызса, онда бұл өнеркәсіптік саясат емес, елдің басты экспорттық табысы мен жұмыс орындарына қауіпті ойын болып шығады.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай өндірісін тәуекелге тігіп, қосымша газхимия жобасын алға шығару – «арба мен аттың орын ауыстыруы» сияқты. Теңіздегі кез келген техникалық ақау елдің экспорттық табысына және макроэкономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететіні белгілі.

Осыған байланысты бірнеше сұрақ туындайды: Қазақстан 2 млрд долларлық ГСК үшін кеніштің тұрақтылығын тәуекелге тігуге дайын ба? Экономикалық есепті кім жасады және газхимиядан түсетін пайда мұнай өндірісінің құлдырау қаупінен жоғары деп қалай шешті?

Әзірге бұл сұрақтарға ресми жауап жоқ. 

Ал Қашаған газын Теңізге айдау туралы әңгімелер техникалық шешім емес, бюджет үшін SOS белгісі ретінде қабылдануда. Үкімет үшін басты сын-қатер – жаңа зауыттарға шикізат табу емес, елді асырап отырған өндірісті жоғалтпау.

Бүгін, 13:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.