Атырау, 18 маусым 22:44
 дождьВ Атырау +28.4
$ 489.39
€ 567.50
₽ 6.69

Ірі мұнай-химия жобаларына тартылған мердігерлерді Атырау облысында тіркелуге шақырды

102 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен кеңесте «Силлено» ЖШС мен «KMG PetroChem» ЖШС жобаларына тартылған мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарды тіркеу мәселесі қаралды. 

Жиынға әкім орынбасарлары, басқарма басшылары және мұнай-химия компанияларының өкілдері қатысты. Әкім өңірде мұнай-газ химиясы мен қайта өңдеу саласында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқанын, олардың экономиканың дамуына серпін беретінін атап өтті. 

Ол инвесторларды қолдайтынын, бірақ үш талаптың орындалуы міндетті екенін айтты: салықтардың облыс бюджетіне түсуі, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және отандық тауар өндірушілерді қолдау. 

Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Отызбай Адаев бірқатар мердігер ұйымның басқа өңірде тіркелгенін, бірақ іс жүзінде Атырауда жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Силлено» жобасы бойынша 11 мердігердің 2025 жылғы салық түсімі 18,2 млрд теңге болғанымен, қаражат басқа облыстың бюджетіне түскен. «KMG PetroChem» жобасында жеті мердігердің қызметінен 9,4 млрд теңге салық түскені де басқа өңірге аударылған.

Кеңесте жергілікті қамтуды арттыру, облыс бюджетіне түсетін салықты көбейту және тұрғындарды жұмыспен қамту басым бағыт ретінде белгіленді. 

«Силлено» ЖШС директорының орынбасары Хабибулла Каримов компания қызметкерлерінің 80 пайызы Атырауда тіркелгенін, ал халықаралық серіктестер Tecnimont, SINOPEC Shanghai Engineering және Sinopec Engineering & Construction қалада филиал ашқанын айтты.

Кеңес соңында Серік Шәпкенов бір апта ішінде мердігер ұйымдарды облыста тіркеу, жергілікті қамтуды арттыру және қызметкерлерге тең еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бүгін, 21:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.