Атырау, 18 маусым 22:23
 дождьВ Атырау +28.4
$ 489.39
€ 567.50
₽ 6.69

​Жангелдин трагедиясы: құрбандардың туыстары 70 млн теңге өтемақы талап етті

94 рет қаралды

Жангелдин ауылында төрт адамды өлтіру ісі бойынша кезекті сот отырысында жәбірленуші тарап айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевке азаматтық талап қойды. Сол күні сот-медициналық сарапшының қорытындысы тыңдалып, айыпталушы жаңа мәлімдемелер жасады.

Қаза болған Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағанбетова сотқа моральдық зиянды өтеу үшін 70 млн теңге көлемінде өтемақы талап етті. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін отбасының өмірі түбегейлі өзгерген: туыстарының денсаулығы нашарлап, кейбірі ауыр күйзеліске түскен. Өзінің жүрегі сыр бере бастаған.

Сонымен қатар, отбасы жерлеу жұмыстары мен қаделеріне елеулі шығындар жұмсаған.

Ал қаза болған Нәсіп Өтешқалиеваның туыстары моральдық немесе материалдық шығынды өтеу туралы бөлеке талап арыз берген жоқ.

Атырау облысының халықты әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті де іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде қатысып отыр. Олар сотталушыдан қаза болғандарға бұрын төленген зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларға, сондай-ақ мүгедектік бойынша төлемдерге қатысты 776 мың теңгеден астам қаржыны өндіріп алуды талап етті.

Сотта Сәрсемалиев шығынды өтеуден бас тартпайтынын, бірақ қазіргі уақытта жылжымайтын мүлкі жоқ екенін және ауыр қаржылық жағдайда екенін мәлімдеді.

18 см тереңдіктегі жаралар

Сот отырысында сот-медициналық сарапшы Сержан Сейдешов сөз сөйледі. Оның айтуынша, эксгумация кезінде Наурыз Мұқанғалиевтің бас сүйегінің денесінен бөлек жатуы табиғи ыдырау процесімен түсіндіріледі.

Сонымен қатар сақталған сүйек қалдықтарынан он пышақ жарақаты анықталған.

Сарапшының айтуынша, Мақсот Қарабалинге, Нәсіп Өтешқалиеваға және Мейрамгүл Қарабалинаға жасалған кейбір жарақаттардың тереңдігі 18 сантиметрге дейін жеткен. Бұл қолданылған пышақтың ұзындығы кемінде сондай мөлшерде болған деп болжауға мүмкіндік береді.

Мейрамгүл Қарабалинаның денесінен 32 пышақ жарақаты анықталған. Алайда Сейдешов түсіндіргендей, жарақат саны соққы санына сәйкес келе бермейді.

- Пышақпен бір соққы жасаған кезде қол аймағында екі жара пайда болуы мүмкін. Сондықтан Мейрамгүл Қарабалинаға шамамен 27 соққы жасалған деп болжауға негіз бар, - деді сарапшы.

«Егер жалғыз болсам, мені ұстай алмас еді»

Сот отырысында Сәрсемалиев өзі де сөз алды. Ол жалғыз жасырынған жағдайда ұстатпай кетуі мүмкін екенін ашық айтты.

— Мұны жасырмаймын. Бірақ әйеліммен бірге болғандықтан алысқа кете алмадым, — деді айыпталушы.

Бұл сөздер оның соттағы позициясын және өзін ақтап алуға тырысқанын көрсетеді.

Сотта айыпталушының үш ұялы телефонды пайдаланғаны анықталды. Ол Наурыз Мұқанғалиев пен Нәсіп Өтешқалиева арасындағы 2024 жылы тамызда WhatsApp арқылы жазысқан хабарламаларын көрсетуге тырысты. Сәрсемалиевтің айтуынша, сол хабарламаларда ол туралы сөз болған.

Алайда сот отырысы барысында қосымшаны ашып, хабарламаларды көрсету мүмкін болмады.

Сот процесі жалғасуда.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 21:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.