Атырау, 19 маусым 15:04
 дождьВ Атырау +33.3
$ 487.73
€ 558.99
₽ 6.63

Ата-аналар наразылығы: Атырауда индустриалды колледж жабыла жаздады

Сурет Бейнежазба
120 рет қаралды

Атырау индустриалдық колледжінің жабылатыны туралы ақпарат колледж ұжымы үшін де, студенттер үшін де тосын жаңалық болды. Шенеуніктермен кездесуден соң және ашық наразылықтан кейін облыстық білім беру басқармасы бұрын жолданған біріктіру туралы хат қараусыз қалатынын мәлімдеді.

Дегенмен оқу орнының біріктірілу немесе жабылу ықтималдылығына не себеп болып отырғаны туралы нақты жауап берілген жоқ. 

18 маусым күні ата-аналар Атырау индустриалды колледжінің жабылмауын талап етіп, осы оқу орнына жиналды. Бұған колледжді Атырау энергетика және құрылыс колледжіне қосу жоспарланғаны туралы жаңалық себеп болған еді. 

Ата-аналардың айтуынша, колледжді біріктіруі мүмкін екені туралы олар соңғы сәтте ғана естіген.

- Балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқу орны жатақханамен қамтамасыз етеді, шәкіртақы төленеді, сондай-ақ түскі асқа арналған қаражат қарастырылған. Балаларға тек оқуға ынта болса болғаны, қалғанының бәрі жасалған, – дейді жиналғандар.

Ата-аналар колледждегі екі өндірістік цехтың заманауи жабдықтармен толық қамтылғанын атап өтті. Көзімізді жеткізу үшін сонда апарып көрсетті де. Расында көзбен көріп, қолмен ұстап көруге арналған практика жүзінде үйренуге болатын жағдай бар.

Қарсылығын білдіру үшін жиналған ата-аналар мен ардагер ұстаздардың сөзінше, бұл оқу орны Дамбы, Тасқала, Алғабас, Көкарна секілді қала маңындағы елді мекендерден келіп оқитын жастар үшін өте қолайлы әрі қолжетімді.

«Бұл жаңалықты төбемізден жай түскендей қабылдадық. Неліктен мұндай шешім алдын ала емес, аяқ астынан хабарланды?» деген сұрақтарын да жеткізді ата-аналар.

Жиналысқа қатысқандардың бірі өздеріне жеткен ақпарат бойынша колледж студенттері Атырау энергетика және құрылыс колледжіне ауыстырылатынын айтты. Осыған байланысты ата-аналарды алаңдататын мәселелер де жоқ емес. Балалары «Атырау энергетика және құрылыс колледжіне ауысқан жағдайда, оқу үдерісі қалай ұйымдастырылады, тәртіп қандай болады және бұл жердегі студенттер олардың балаларын қалай қабылдайды?» деген сұрақтар оларды мазалайды.

Колледж ұжымы да бұл мәселеге алаңдаулы. Оқу орнында 1992–1993 жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі оқытушылар бар. Солардың бірі зейнетке шығуына үш жыл қалғанын айтып, колледждің жабылмағанын қалайтынын жеткізді. Ол жаңа жұмыс іздеу мәселесі де өзін қатты алаңдататынын жасырмады.

Ал 1993 жылдан бері дәнекерлеу ісінен практикалық сабақ беріп келе жатқан тағы бір оқытушы Айсұлу Қабдолова сұхбат барысында толқып, көз жасына ерік берді. 

Қазіргі уақытта колледжде 77 адам жұмыс істейді. 541 студент білім алып жатыр, оның 262-сі биыл тәмамдайды.
Студенттер шамамен бағдарына қарай 40-50 мың теңге арасында шәкіртақы алса, тәжірибелі ұстаздар еңбек өтіліне қарай 200-250 мың теңге алады. 

Бұрын колледжде директор болған Халидолла Тайпанов та бұрынғы ұжымын қолдауға келген. Ол бұл колледжде ғана краншы мамандығын даярлайтынын айтты. Сондай-ақ, арнайы дәнекерлеуші цехында 293 мың теңгеге арнайы жабдық сатып алынғанын, оны қайда жібереді деп алаңдады.

Көп жыл шетелдік компанияларда краншы болып істеген Анатолий Семиончев колледжге зейнетке шыққан соң шақырылған. Оның мұнда ұстаздық еңбек етіп жүргеніне төрт жыл болған. Ол краншы ретінде 1 млн теңгеге дейін жалақы алып жүргенін, ал мұнда 200-250 мың жалақы алатынын, бірақ жұмыс жеткілікті екенін, соның ішінде шаршататын журнал, қағаз толтыру жұмыстары бар екенін айтты.

Колледж директоры Қайыр Айтпайұлының сөзінше, биыл оқу орнына жыл соңына дейін 75 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаржының ішінде қызметкерлер жалақысы, шәкіртақы, ғимаратты күтіп-ұстау шығыны бар. “Меніңше, бұл Атырау облысы бойынша ең шағын бюджет бұл” дейді.

Ол да колледждің Атырау энергетика және құрылыс колледжіне қосылатыны туралы күні кеше ғана білгенін айтады. 15 маусым күні облыстық білім беру басқармасынан осы шешім туралы хат келген. 

Алайда, колледж алдына жиналып тұрған ата-аналармен сөйлесуге келген облыстық білім беру басқармасы оқу бөлімінің басшысы Айнагүл Жұмағазиева алдын ала ертерек айтылды дейді.

Бірақ колледж директоры бұдан ертерек тек Атыраудағы бір университет екі цехқа қызығып, өзінің меншігіне алғысы келетіні жөнінде ғана айтылып, кейін райынан қайтып қалды деген хабар ғана айтылғанын алға тартты. 

- Вы почему меня подставляете? - деп те бір ашына сөйледі. 

Жұмағазиева бұл колледжді не үшін жабу қажет болды деген сұраққа қайталанатын мамандықтар барына және бұл колледжге бюджет қаржысы тапшылығына сілтеді.

Оның айтуынша, Атырау энергетика және құрылыс колледжінде оқып жатқан 30-шы мектептің оқушыларын таратқан соң босаған орындардың есебінен осы индустриалды колледждің студенттері мен негізгі пәннен сабақ беретін ұстаздар қауымын толық қамтылады.

Колледжде түрлі әлеуметтік санаттағы студенттер білім алады. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көпбалалры отбасыдан шыққан және ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастар да бар. Ата-аналардың айтуынша, кей жағдайда басқа оқу орындары қабылдамаған мүгедектігі бар балаларды осы колледж қабылдап жатады.

Көпшілік жиналғандар көшу жайын емес, ең алдымен шешімнің олардың қатысуынсыз талқыланғанына наразы болды. Олар үшін ең ауыр тигені – жағдайдың кенеттен әрі тосыннан болғаны екенін ашық айтты.

Кешке жағдайға нүкте қойылды

Материал дайындалып жатқанда Айнагүл Жұмағазиева хабарласып, колледж жабылмайтынын, хаттың қараусыз қалдырылатынын айтты.

Артынша облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметі мынадай хабарлама таратты:
“Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы «6» қаңтардағы №6, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы «6» қаңтардағы №3, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы «6» қаңтардағы №4 бірлескен бұйрығында Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған жол картасының «11.2 Кадрларға елдің өңірлік қажеттілікті ескере отырып, ТжКБ ұйымдарын бейіндеу» тапсырылған.  

Соған байланысты, Атырау индустриялық колледжіне аталған колледжді  Атырау энергетика және құрылыс колледжіне қосу жолымен қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығы, осыған орай 2026–2027 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бөлінбейтіндігі туралы хат жолданған болатын. Қазіргі уақытта 15.06.2026 ж №06-01-06-01-46/2940 хатты қараусыз қалдыру туралы шешім қабылданды”.

Бұл шешім Атырау индустриалды колледжінің бұрынғы тәртіппен жұмысын жалғастыратынын білдіреді. Әзірге оны басқа оқу орнына қосу мәселесі күн тәртібінен алынып тасталған.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен видео автордікі

Бүгін, 12:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.