Атырау, 18 маусым 18:22
 дождьВ Атырау +31.9
$ 489.39
€ 567.50
₽ 6.69

Атырауда 21 медицина қызметкеріне қызметтік пәтердің кілті табысталды

75 рет қаралды


Атырауда Медицина қызметкерлері күніне орай денсаулық сақтау саласының  21 маманына “Таңшолпан” тұрғын үй кешенінен қызметтік пәтер кілті тапсырылды. Баспаналы болғандар қатарында дәрігерлер, жедел жәрдем қызметінің диспетчерлері мен фельдшерлері бар.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі екенін атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін мамандарға қолайлы жағдай жасаудың маңызына тоқталды.

– Біздің өмір әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету деңгейі жөнінен республика бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде кадр тапшылығын азайтуға бағытталған бірқатар бағдарлама жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда маман тапшылығын екі есеге азайттық. Былтыр ауылдық жерлерге жұмысқа барған медицина қызметкерлеріне 10 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы берілді. Мұның барлығы да халық денсаулығын сақтау мен медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар. Аймақ тұрғындарының саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Облыста медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды баспанамен қамту мәселеріне  баса назар аударылады. Соңғы екі жылда облыстық бюджет есебінен денсаулық сақтау саласының мамандары үшін 111 қызметтік пәтер сатып алынған.

Сонымен қатар іс-шара барысында  Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Байтолла Ғазизов отандық денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

Облыс әкімі кездесу соңында қол жеткізген нәтижелерге тоқмейілсуге болмайтынын айтып, медицина инфрақұрылымын жаңғырту, кадр тарту және мамандарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алда да жалғасатынын жеткізді.

Бүгін, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.