Атырау, 18 маусым 16:54
 дождьВ Атырау +30.3
$ 489.39
€ 567.50
₽ 6.69

Ұлы Дала тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді — Бектенов

75 рет қаралды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Санкт-Петербургте өткен мәдени байланыстарды нығайту, креативті және шығармашылық индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның пленарлық отырысына қатысты.

Іс-шараға Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.

Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ресей Президенті Владимир Путиннің және Достастыққа мүше елдер көшбасшыларының қолдауымен креативті индустриялар мен мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастық ТМД күн тәртібіндегі өзекті бағыттардың бірі болып отырғанын атап өтті.

Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстан мәдениет пен шығармашылық қызметті қолдауды мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде қарастырады.

«Биыл наурыз айында Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңымыз мемлекеттілікті нығайтуға, “Заң мен Тәртіп” қағидаты негізінде Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді», — деді Олжас Бектенов.

Ол сондай-ақ мамыр айында Астанада «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салды. Оған әлемнің 20-дан астам елінен тарихшылар мен мәдениеттанушылар қатысқан.

Премьер-министр жаңа Конституцияда зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдік берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, осы негізде Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді.

Бүгінде елде креативті индустрия 40-тан астам қызмет түрін қамтиды. Бұл салада 150 мың адам еңбек етеді.

Соңғы жылдары креативті сектордағы жалпы қосылған құн көлемі төрттен біріне артып, 3 млрд АҚШ долларына жетті.

Қазақстан кино, музыка, дизайн, ойын индустриясы және цифрлық контент бағыттарында нәтижелер көрсетіп отыр. Отандық фильмдер, сериалдар, музыкалық және цифрлық өнімдер шетелдік нарықтарға шығып, халықаралық аудиторияны Қазақстанның мәдени мұрасымен таныстыруда.

Креативті саланың дамуын халықаралық рейтингтер де көрсетіп отыр. Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымындағы позициясын, соның ішінде Жаһандық инновациялық индекс көрсеткіштерін жақсартып келеді. «Креативті нәтижелер» бағыты бойынша еліміз 2025 жылы 32 позицияға көтерілді.

Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД елдерінің креативті индустриялар қауымдастығын құру жөніндегі бастамасына да тоқталды.

«Бұл формат бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және креативті өнімдерді ілгерілету үшін жағдай жасауға бағытталған», — деді Премьер-министр.

Қазіргі уақытта Қазақстан креативті сектордың инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып жатыр. Қажетті заңнамалық база қалыптастырылды. Былтыр Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылды.

Қор авторларды, шығармашылық командаларды және кәсіпкерлерді бәсекеге қабілетті өнімдер әзірлеу, соның ішінде экспорттық әлеуеті жоғары жобаларды іске асыру бағытында қолдауға арналған.

Еліміздің барлық өңірінде жастардың шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруға және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін креативті хабтар жұмыс істейді.

Олжас Бектенов жасанды интеллект экономиканың барлық секторларын дамытудың негізгі элементіне айналып келе жатқанын айтты.

Қазақстанда 2026 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осыған байланысты қоғамдық өмірдің барлық саласын кең ауқымда цифрландыру міндеті қойылып отыр.

Премьер-министр жасанды интеллект контент жасау тәсілдерін өзгертіп, шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтіп, мәдени өнімдерді ілгерілетудің жаңа арналарын қалыптастырып жатқанын атап өтті.

Мысал ретінде ол бейне генерациялау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын қазақстандық Higgsfield компаниясын атады. Оның айтуынша, бұл қазақстандық стартап азаматтардың таланты мен құзыреті халықаралық технологиялық нарықтарда жаңа трендтер қалыптастыра алатынын көрсетеді.

Үкімет басшысы Қазақстанда мәдени мұраны цифрландыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Тарихи маңызы бар нысандарды сақтау үшін жоғары дәлдіктегі LiDAR-сканерлеу және 3D-мұрағаттау технологиялары қолданылатын Цифрлық көшірмелер банкі іске қосылды.

Жоба елдік және халықаралық маңызы бар тарихи-мәдени нысандарды қамтиды. Олардың қатарында ЮНЕСКО қорғауына алынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы шатқалының петроглифтері, Маңғыстау облысының жерасты мешіттері және басқа да археологиялық ескерткіштер бар.

Сонымен қатар E-Museum платформасы дамып келеді. Оған 300 музей қосылған, ал цифрлық каталогқа ондаған мың музей экспонаты енгізілген.

«Қазақ киносының алтын қорын» қалпына келтіру жұмыстары да жалғасуда. Соңғы жылдары өткен ғасырда түсірілген 43 фильм цифрлық форматқа көшірілді.

Олжас Бектенов цифрландыру мәдени және тарихи нысандарға қолжетімділікті кеңейтіп, шекараға қарамастан миллиондаған адамға өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті.

Сонымен бірге Премьер-министр ТМД аясындағы мәдени ынтымақтастықтың дәстүрлі форматтары — көрмелер, фестивальдер, гастрольдік алмасулар және мәдениетаралық диалогті нығайтатын іс-шаралар маңызды болып қала беретінін айтты.

Оның сөзінше, шығармашылық қоғамдастықтың еңбегі нәтижесінде мәдениет жаңа сипатқа ие болып, кең аудиторияға жол тауып, заманауи экономиканың ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Бүгін, 15:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.