
Еске сала кетейік, 10 маусым күні Атырау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» ХҚКО филиалында ҰҚК департаментінің қызметкерлері іс-шаралар жүргізген еді.
«Ақ Жайық» дереккөзінің ақпаратына сәйкес, сол кезде техника мен байланыс құралдары тәркіленіп, бірнеше қызметкер түсініктеме беруге шақырылған.
Редакцияның ҰҚК, әкімдік және ХҚКО-ға жолдаған сауалдарынан кейін бұл оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды.
«Ақ Жайыққа» «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалында хабарлағандай, тексеру іс-шаралары расымен жүргізілген және олар жер учаскесіне байланысты болған.
Түсініктеме беруге директордың міндетін атқарушы Руслан Қалмұратов, жер кадастры басқармасының басшысы және басқарманың бас маманы шақырылған. Сонымен қатар шаралар барысында жұмыс компьютері мен байланыс құралдары алынды.
КЕАҚ-да атап өткеніей, қызметкерлер тек мәлімет беру және түсініктеме беру үшін тергеу әрекеттеріне қатысқан. Бұдан соң олар өз міндеттеріне қайта кіріскен. Филиалда ешкімге күдікті немесе айыпталушы мәртебесі берілмегені хабарланды.
Ең қызығы — тексерістің ресми себебі.
КЕАҚ мәліметіне сәйкес, ҰҚК әрекеттері «жұмыс сипатында және уақытша» болған, олар жер пайдаланушының шағымына және нысанның нақты орналасуын тексеруге байланысты жүргізілген.
Қай нақты жер учаскесі туралы сөз болып отырғаны және оның орналасуына қатысты қандай сұрақтар туындағаны ресми жауапта көрсетілмеген. Дегенмен филиал бөлек атап өткендей, үшінші тұлғалардың құқықтары бұзылмаған, жер учаскесінің құқықтық мәртебесі өзгермеген және құжаттарды заңсыз рәсімдеу фактілері орын алмаған.
Атырау әкімдігінің редакцияға берген жауабында құқық қорғау органдарынан жер учаскелеріне қатысты құжаттар немесе мәліметтер сұратылмағаны айтылды.
Редакция жолдаған басқа сұрақтардың басым бөлігіне тікелей жауап берілмеді. Атап айтқанда, әкімдік тергеу туралы хабардар ма, қандай да болмасын ішкі тексерістер жүргізіліп жатыр ма және осы жағдайға қатысты қала билігінің ресми ұстанымы қандай екені жөнінде ақпарат бермеді. Оның орнына жауапта жер учаскелерін беру тәртібін реттейтін Жер кодексінің нормалары ғана келтірілген.
Өз кезегінде ҰҚК департаменті істің егжей-тегжейін ашудан бас тартты. Олар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сілтеме жасап, сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге болмайтынын атап өтті.
Осылайша ресми түрде тек ҰҚК-нің тексерісі белгілі бір жер учаскесіне қатысты екені ғана расталды. Алайда техниканың тәркіленуі, жер кадастры қызметкерлерінің қатысуы және тергеу құпиясына сілтеме — бұл жай ғана азаматтық шағым емес екенін аңғартады. Құқық қорғау органдары тексерістің нақты нысанын әзірге жария еткен жоқ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +28.6