Атырау, 18 маусым 11:06
 дождьВ Атырау +23.3
$ 489.39
€ 567.50
₽ 6.69

«Қазыналы Каспий – 2026»: Атырауда балық шаруашылығы мен аквақұрылымның даму болашағы талқыланды

79 рет қаралды

Фестиваль аясында Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға, балық саласын дамытуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Халықаралық форумда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Каспийдің экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі, теңіз деңгейінің ауытқуы және антропогендік жүктеменің күшеюі жағдайында балық ресурстарын сақтау мәселелері ерекше өзектілікке ие болуда. Сондықтан ғылыми тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды енгізу саланы табысты дамытудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Атырау облысының елдегі балық шаруашылығын дамытудағы жетекші рөлін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын ауланатын 50 мың тонна балықтың 19 мың тоннадан астамы Жайық-Каспий бассейніне тиесілі. 

Сонымен қатар, өңірде жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатын 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың арасында Каспий теңізінде норвегиялық технологиямен бақтақ (форель) өсіретін «Organic Fish» компаниясы бар. Өңір бекіре тұқымдас балық түрлерін сақтау мен өсіруде де маңызды рөл атқарады. Атырау бекіре балық өсіру зауыты жыл сайын табиғи ортаға 5 миллионға жуық шабақ жібереді, ал жаңғыртудан кейін оның қуаттылығы 7,4 миллионға дейін артады. Жалпы алғанда, соңғы 30 жылда Қазақстан Каспий теңізіне 180 миллионға жуық бекіре шабағын жіберген.

Фестиваль аясында Жайық өзенінің балық қорын толықтыру бойынша экологиялық акция өтті. Су қоймасына 3000 дана бекіре тұқымдас балық шабақтары жіберілді. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар су экожүйесін сақтауға және балық ресурстарын көбейтуге ықпал етеді. 

Сондай-ақ фестиваль бағдарламасында әуесқой балықшылар арасында турнир өтуде. Оған Атырау және Ақтөбе облыстарынан 48 қатысушының басын қосқан 14 команда қатысуда. Жарыстың ерекшелігі — «ұстадың ба — жібер» принципі: ауланған балықтың барлығы суға қайта жіберіледі, бұл табиғи ресурстарды сақтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, фестиваль шеңберінде балықтан тағамдар дайындау бойынша аспаздар байқауы өткізілуде. Атыраудың ең үздік тоғыз аспазы Жайық өзенінен ауланған балықтан түрлі тағамдар әзірлеуде. Әділ қазылар алқасы тағамдардың дәмін, ерекшелігін және ұсынылуын бағалап, үздік қатысушыларды анықтайды.

Осылайша, «Қазыналы Каспий – 2026» фестивалі Каспий экожүйесін сақтау, балық шаруашылығын дамыту, экологиялық мәдениетті нығайту және өңірдің балық өнімдерін танымал ету мәселелерін талқылайтын маңызды халықаралық алаңға айналды.

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгін, 09:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.