
Индер ауданы Елтай ауылындағы саябақ құрылысының басталғанына үш жыл уақыт өтсе пайдалануға берілер емес.
Жоба 2023 жылдың жазында басталғанымен, нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілмеді. Қазір құрылыс жұмыстарының басым бөлігі біткен, алайда соңғы жұмыстарды аяқтау үшін шамамен 10 млн теңге қажет екені айтылуда.
- Ауылда саябақ салынады дегенге қуанғанбыз. Енді оның құрылысы ұзаққа созылып бара жатыр. Тез пайдалануға берілсе дейміз, асыға күтудеміз,-дейді елтайлық тұрғындар.
Саябақ көлемі 20 гектарды құрайды. 393 млн теңгенің құрылысын "ГрадСтройСервис" ЖШС ұтып алды.
Жерін тегістеуден басталған жұмыс қоршау, төсемтас, газон төсеу, сахна, түрлі спорттық құралдармен толығады. Футбол, баскетбол алаңдары қоршалып, газоны төселген.
Ауылдық әкімдікте кешігу бірнеше себеппен түсіндірілді. 2024 жылғы су тасқынына байланысты бөлінген қаражат уақтылы аударылмай, әрі жұмысшылардың жиі ауысуынан саябақ құрылысы ұзаққа созылып кеткен. Ауқымды саябақ құрылысын мердігер тез аяқтап тапсыратыны жөнінде бірнеше рет уәде бергенімен орындаған емес. Енді жұмыс бірнеше айдан бері тоқтап тұр.
- Жалпы саябақтың 95 пайыз жұмысы атқарылып тұр. Енді екі мүсін мен ішкі қоршау жұмысына 10 млн теңгедей қаражат керек. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жақында келіп көріп кетті. Көмектесуге уде етті,-дейді тапсырысшы, Елтай округінің әкімі Дулатбай Сариев.
Бүгінде тапсырысшы жұмысын бітіруге асықпаған мердігер "ГрадСтройСервис" ЖШС-мен келісім шарт біржақты бұзып тастаған. Енді қаражат көзі табылса, жаңа мердігерге конкурс ойнатылады.
Шынында да, оғаш жағдайға айналған: шамамен 400 миллион теңге тұратын саябаққа бірнеше жыл мен жүздеген миллион бюджет қаржысы жұмсалған, бірақ қалған небәрі бес пайыздық жұмыс аяқталмағандықтан оны әлі ашу мүмкін болмай тұр.
Бәрі қаржыға тіреліп тұр, ол қашан бөлінетінін аудан әкімдігі де нақтылап айта алмады. Соған қарағанда саябақ құрылысы биыл біте ме, белгісіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +30.3 




