
Батыс Қазақстан облысында Әдеп жөніндегі кеңес Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік істі қарады.
Бұл туралы «Мой город» басылымы хабарлайды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы 17 маусымда өтті.
Департамент басшысының орынбасары Дәурен Хаировтың мәліметінше, оқиға осы жылдың 12 наурызында болған. Полиция қызметкерлері әкімді жұмыс уақытында, қызметтік автокөлікті мас күйінде басқарып жүрген жерінен тоқтатқан. Әкімшілік хаттама шенеуніктің өзі басқаратын Чапаев ауылдық округінде толтырылған.
«Біз тұрақты түрде сот шешімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізіп тұрамыз. Бұл жағдай туралы бізге әкімшілік құқық бұзушылықтар базасынан белгілі болды. Бірінші инстанция оның пайдасына шешім қабылдап, сот оны ақтаған еді. Алайда апелляциялық инстанцияның қаулысымен бірінші соттың шешіміне шағым түсірілді», — деді Дәурен Хаиров.
Қарау қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес әкімді жұмыстан шығару (қызметінен босату) туралы ұсыныс енгізді.
Белгілі болғандай, құқық бұзушылық жасалған сәтте Биболат Зинуллиннің қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі қолданыстағы тәртіптік жазасы болған. Бұған дейін, қазан айында, Әдеп жөніндегі кеңес оның ісін қараған болатын. Ол кезде мәселе құрылысы аяқталмаған нысан үшін бюджет қаражатын аударуға қатысты өрбіген еді.
Түпкілікті кадрлық шешімді уәкілетті органдар қабылдауы тиіс.
В Атырау +33.9