
Индер ауданындағы тұзды көлді игеру жобасына қарсы шыққан тұрғындар күткен кездесуге әкім Серік Нысанбаев келмеді. Жиналғандар көлдің болашағына қатысты сұрақтарына жауап алуды жоспарлаған еді, алайда аудан басшысы жиынға қатыспады.
15 маусым күні бір топ адам Индер ауданы әкімі Серік Нысанбаевтан "АралТұз" АҚ және "АралСода" ЖШС жөнінен жауап күтіп, мәдениет үйіне жиналған болатын. Бірақ аудан әкімі бұл кездесуге келмеді, әкімдік тарапынан нақты ақпар болмады.
Естеріңізге сала кетейік, 29 сәуір мен 4-ші мамырда "АралТұз" АҚ және "АралСода" ЖШС-нің қоғамдық тыңдауы өткен болатын. Екі қоғамдық тыңдауда жиналған жұртшылық бұл инвесторлардың келуіне үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Лизенция беру, мемлекеттік табиғат қорғау аймағынан алып тастау жөнінде түрлі заңсыздықтар болды деп айыптады.
8 мамырда бір топ адам Қызылорда облысы Жақсықылыш кентіне (осы жерде бірнеше жылдан "АралТұз" АҚ жұмыс жасап жатқан - Л. Қ.) барып, әлеуметтік-экологиялық жағдайымен танысып келді.
Тұзды көлді игеру жөнінде аудан әкімі Серік Нысанбаевтың пікірін білмек болып, жиналғандар оны ұзақ күтті. Негізі жұртшылық талабына орай "Ақиқат" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин С. Нысанбаевтың атына хат жазғанымен нақты жауап келмеген.
Аудандық қоғамдық Кеңестің төрағасы Жамбыл Дауталиев аудандық аппарат жетекшісі әртүрлі жоспарға байланысты әкімнің келмейтіні жөнінде хабарлағанын айтты. "АЖ" тілшісі жиналған жұртшылықтың наразылығын тыңдаған еді.
- Тұзды көлге қатысты қоғамдық тыңдауларға қатысып жүрміз. Сәуірден бері индерліктерді әуре-сарсаңға салған бұл жайға әлі нүкте қойылмауда. Нақты жауап жоқ. Әкім неге келмеген, біз оның күткен едік қой. Келіп жауабын айтпай ма, осы ауданға жауапты адам емес пе,-дейді тұрғындар Өзбек Әлиев, Өтепберген Оразғалиев.
Ал Бөдене ауылының тұрғыны "АралТұз" АҚ-ның келуіне қарсы. Өйткені тұз өндіріп жатқан "Индертұз" мекемесінің өзінен зардап шегіп, шабындық пен жайылымдық жерлердің сорға айналғанын, егер "АралТұз" мекемесі келсе экологиялық апат болатынын жеткізді.
Белсенді жас Қуат Жанесеев те Жақсықылы кентінің экологиялық, әлеуметтік жағдайының қиын екендігін, тұзды өндіру емес, туризмді дамыту арқылы инвесторларды көптеп тарту жөнінде айтты.
Экожанашырлар бұдан кейін 2024 жылы ауданға "АралТұз" өкілдері келіп, сауалнама жүргізіп, оның заңдылығын тексеруді сұрап, аудандық полиция бөлімі мен прокуратураға арыз түсірді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +30.3