
ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Иран Ислам Республикасы Жол және қаланы дамыту министрі Фарзане Садек бастаған делегациямен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысты жетілдіруді, порт инфрақұрылымын кеңейтуді, өзара сауда көлемін ұлғайтуды және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында мемлекет басшыларының 2025 жылғы желтоқсандағы Иран президентінің Қазақстанға ресми сапары кезінде қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыру барысы сөз болды. Қазақстан мен Иран «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттарының қиылысында орналасуының арқасында бірегей географиялық жағдайға ие, бұл транзиттік тасымалдың өсуіне үлкен әлеует береді. Деректерге сүйенсек, 2025 жылы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 12 пайызға артып, 3,5 миллион тоннаға жетсе, екі ел арасындағы теміржол тасымалы 69 пайызға өскен. Осы маршруттың әлеуетін одан әрі арттыру үшін Көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың бірлескен жол картасын әзірлеу ұсынылды. Бұл кешенді шаралар дәліздің өткізу қабілетін жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, тараптар Қытай, Қазақстан, Түркіменстан, Иран мен Түркия арасындағы бесжақты теміржол келісімінің, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркіменстан мен Иран арасында алдағы уақытта жасалатын төртжақты тарифтік келісімнің маңыздылығын атап өтті. Келіссөздердің тағы бір негізгі тақырыбы порт инфрақұрылымын дамытуға арналды. Иран тарапы Шахид Раджаи (Бендер-Аббас) портында Қазақстанға жер телімін бөлу мәселесін келісу аяқталғанын және жақын арада аумақтың Қазақстанға берілетінін хабарлады. Бұған қоса, Иран Қазақстанға Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына тікелей шығуды қамтамасыз ететін, құрылысының 90 пайыздан астамы аяқталған Захедан-Чабахар теміржол желісі бар Чабахар портында жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынды. Өз кезегінде Қазақстан Иран тарапына Каспийдегі ирандық компаниялардың логистикалық қызметін дамыту үшін Ақтау мен Құрық порттарындағы алаңдарды, айлақтар мен терминалдарды ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды тездетіп, инвестор тарту жұмысын жедел үйлестіруге уағдаласты.
Бұл ретте Қазақстан тарапы екіжақты экономикалық байланыстардың қарқынына жоғары баға берді.
«Ынтымақтастықты нығайту – мемлекет басшылары алға қойған стратегиялық міндет. 2025 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға артып, $430,2 млн-ға жеткен. Бұл одан арғы дамуды, оның ішінде Өзара сауданы $3 млрд-қа жеткізу жөніндегі жол картасы шеңберіндегі және Иран мен ЕАЭО арасында қол қойылған Еркін сауда туралы келісімнің арқасындағы жоғары әлеуетті көрсетеді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ирандық делегация басшысы да бұл серіктестіктің қазіргі геосаяси жағдайдағы маңызы ерекше екенін растады.
«Бұл сапар бұрын қол жеткізілген уағдаластықты іс жүзінде орындауға, қазіргі геосаяси процесс кезінде екі ел үшін де ерекше маңызға ие болып отырған көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға арналған», — деп атап өтті Фарзане Садек.
В Атырау +31.6