Америка әлем алдында тағы ақталуы керек, өйткені барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эдуард Сноуденнің тағы да бірқатар материалдары Англияның Guardian жарияланды, деп хабарлайды ресейлік РБК агенттігі.
Бұл жолы американың құпия қызметтері әлемдегі 35 мемлекет президенттерінің телефондарын тыңдағаны жария етілді. Сноуден көшіріп алған ресми құжат 2006 жылғы. Онда Ұлттық қауіпсіздік агенттігі Ақ үй мен Мемлекеттік департамент және Пентагонға байланысқа шыққан шетел басшылыраның нөмірлерін сұратқан. Ал барлау қызметіне аты аталмаған бір шенеунік нөмірлер тізімін ұсынған.
Алайда ҰҚА телефонын жасырын тыңдаған мемлекет басшыларының аты аталмаған. Құжатта тыңдау барысында қандай да бір пайдалы мәліметке қол жеткізілмегендігі көрсетілген.
Ақ үй болса Сноуденнің бұл құжаты туралы түсініктеме беруден бас тартқан, алайда бұған дейін АҚШ-тың заңсыз барлауына қатысты бірқатар елдермен қарым-қатынасқа сызат түскенін мойындаған.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада АҚШ елшісі Франция президентінің телефоны тыңдалмағанын айтып ақталып бақса, кеше Америка президенті Барак Обама ГФР канцлері Ангела Меркельдің алдында ақталған.
Дереккөз: bnews.kz