Атырау, 16 маусым 13:38
 дождьВ Атырау +28.8
$ 491.37
€ 570.48
₽ 6.78

Жезқазғандағы терең қабаттар зерттеледі: «Қазақмыс» жаңа бағдарлама жүргізуде

57 рет қаралды

«Қазақмыс» Тобы Ұлытау облысында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп жатыр.

Компания үшін минералдық-шикізат қорын дамыту негізгі стратегиялық басымдықтардың бірі болып қала береді. Геологиялық барлау жұмыстарының басым бөлігі Қазақстанның мыс өнеркәсібінің тарихи орталығы саналатын Жезқазған өңірінде шоғырланған.

2026 жылы «Қазақмыс» Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлауды қаржыландыру көлемін едәуір арттырды. Бұған дейін бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 5 млн АҚШ доллары бөлінсе, бүгінде инвестиция көлемі жылына 40 млн долларға дейін жетті.

Қаражат Жезқазған кен алабының терең қабаттарын зерттеуге, жаңа перспективалы учаскелерді іздеуге және өңірдің минералдық-шикізат қорын кеңейтуге бағытталып отыр.

Сонымен қатар компания бұрғылау жұмыстарының көлемін арттыруда. Бұған дейін пайдалану мақсатындағы бұрғылау көлемі жылына шамамен 63 мың қума метрді құраса, 2026 жылы тек Жезқазған бағыты бойынша 62,4 мың қума метр геологиялық барлау бұрғылауын жүргізу жоспарланған.

Жезқазған «Қазақмыстың» геологиялық барлау бағдарламасындағы үш өңірлік бағыттың бірі болып саналады. Осыған байланысты жалпы геологиялық барлау жұмыстарының ауқымы шамамен екі есеге ұлғайған.

Бағдарламаны іске асыру үшін Ұлытау облысында алты заманауи жерүсті бұрғылау қондырғысы іске қосылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын үш жерасты бұрғылау агрегаты мен қосалқы техниканы сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ жерүсті бұрғылау жұмыстарына арналған екі бұрғылау қондырғысы күрделі жөндеуден өтті. Компания бұрғылау бригадаларының жұмысына қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

2025 жылы жүргізілген геофизикалық зерттеулердің қорытындысы бойынша үш перспективалы учаскеде бұрғылау жұмыстары басталды. Оңтүстік Итауыз, Соркұдық–Жартас учаскелерінде және Жыланды кен орындары тобында қосымша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

Компанияның мәліметінше, терең қабаттарда жүргізіліп жатқан зерттеулер Жезқазған кен орнының геологиялық құрылымы туралы жаңа деректер алуға және тереңде жатқан кен денелерінің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.

Кен орындарының терең қабаты мен қапталдарын зерттеу жобаларына салынған жалпы инвестиция көлемі техника сатып алуды есептемегенде 2,27 млрд теңгені құрайды.

Мамыр айынан бастап қосымша бұрғылау күші жұмылдырылды. Шілде айына қарай өндірістік алаңдарда онға жуық бұрғылау қондырғысын пайдалану жоспарланып отыр.

Жүйелі геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде көлемі 63,5 млн тонна кенді құрайтын резервтік кен орындарының портфелі қалыптастырылды. Оның құрамында 620,3 мың тонна мыс және 12,9 тонна алтын бар. Бұл қордың елеулі бөлігі мемлекеттік балансқа енгізілді.

Сонымен қатар «Қазақмыс» заманауи цифрлық технологияларды енгізуде. Геологиялық бөлімшелерде кен орындарының үшөлшемді моделін құруға және геологиялық деректерді интерпретациялау дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін Micromine жүйесі қолданылып жатыр.

Бұл бағдарлама бойынша 177 маман оқытудан өтті. Алдағы уақытта жүйені пайдаланушылар санын 401 қызметкерге дейін арттыру жоспарлануда.

Компанияда атап өткендей, Ұлытау облысындағы геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту өңірдің болашағына салынған инвестиция болып табылады. Жаңа қорлар қолданыстағы өндірістік қуаттарды тұрақты жүктемемен қамтамасыз етуге, жұмыскерлердің ұзақ мерзімді жұмыспен қамтылуына және Жезқазған өңіріндегі тау-кен металлургия кешенінің одан әрі дамуына жол ашады.

Бүгін, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.