Атырау, 15 маусым 16:00
 дождьВ Атырау +31.5
$ 489.33
€ 566.30
₽ 6.74

«Қазақмыс» кеніштердегі еңбек жағдайын жақсартуға кірісті

Бейнежазба
58 рет қаралды

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Жезқазған өңіріндегі кеніштердің өндірістік және тұрмыстық инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда.

Компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Оңтүстік Жезқазған және Батыс Жезқазған кеніштерінде бірқатар жұмыс кездесуін өткізді. Сапар барысында кәсіпорындарды материалдармен және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, техника паркін жаңарту және жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері қаралды.

Өндірістік бөлімшелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін өздігінен жүретін жабдықтарды жөндеуге 6,7 млрд теңге бөлінді.

Жұмыскерлердің тұрмыстық жағдайына да ерекше назар аударылып отыр. Оңтүстік Жезқазған кенішінде №65 шахтаның тұрмыстық корпусын жөндеу, сондай-ақ ауданы 2,9 мың шаршы метр болатын әкімшілік-тұрмыстық комбинаттың шатырын күрделі жөндеу жоспарланған.

Батыс Жезқазған кенішінде №73–75 шахталарының әкімшілік-тұрмыстық кешені мен жылы өткелі жөнделеді. Сонымен қатар №67 шахтаның жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелері жаңартылады.

Компания өндірістік активтерді жаңғырту аясында тау-кен-шахталық техника паркін жаңарту тәсілдерін де қайта қарап жатыр. Пайдалану барысында тиімділігін дәлелдемеген жабдықтарды сатып алудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Енді басымдық сенімділігі жоғары және сервистік қолдауы бар әлемдік жетекші өндірушілердің техникасына беріледі.

Осы мақсатта 19 өздігінен жүретін бұрғылау қондырғысын сатып алуға 9,9 млрд теңге бағытталады. Жыл соңына дейін 8 бұрғылау қондырғысы жеткізіледі деп күтілуде.

Сонымен қатар өндірістік алаңдар үшін жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын 25 заманауи реанимобиль сатып алынған. Оларды жыл соңына дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Ішкі үдерістердің тиімділігін арттыру бойынша да жеке тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, жоғары қысымды жуу аппараттарына қызмет көрсетуді қажетті оқытудан өткен кәсіпорын қызметкерлерінің өз күшімен ұйымдастыру және оларға тиісті қосымша төлем белгілеу мүмкіндігі қарастырылуда.

Еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында жұмыскерлерді арнайы киіммен, жеке қорғаныс құралдарымен және ыстық тамақпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі де расталды. Компанияда тұрмыстық жағдайды жақсарту, көлікпен қамтамасыз етуді жаңарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасады.

Руслан Өскенәлі жұмыс сапарының қорытындысында қабылданған шешімдердің бәрі өндіріс пен жұмыскерлер үшін нақты нәтиже беруі тиіс екенін айтты.

«Біздің міндетіміз — тек өндірістік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар адамдарға еңбек ету үшін лайықты жағдай жасау. Барлық көтерілген мәселе нақты шешімін тауып, басшылықтың тұрақты бақылауында болуы тиіс», — деді Басқарма төрағасы.

Бүгін, 14:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.