Атырау, 11 маусым 17:57
 дождьВ Атырау +31.3
$ 488.59
€ 564.37
₽ 6.79

​«Қосарым жоқ». Еңбек вице-министрінен омыраудағы баласымен тапсырыс орындап жүрген әйел туралы сұрады

116 рет қаралды
Сурет: Threads @erzhan_kalymbai
Сурет: Threads @erzhan_kalymbai

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай желіде тараған жас әйелдің суретіне қатысты пікір білдірді. Қазнетте белсенді талқыланып жатқан бұл суретте әйелдің аптап ыстықта омыраудағы баласын қолына алып, арқасына жеткізу қызметінің үлкен терморюкзагін асынып көшеде бара жатқаны бейнеленген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Брифингте журналистер Еңбек министрлігінің өкілінен бұл кадрды көрдіңіз бе және декреттегі қазақстандық әйелдердің күн көру үшін осындай ауыр әрі қауіпті жұмысқа жегілуге мәжбүр болуын қалыпты жағдай деп санайсыз ба деп сұрады.

«Суретке келетін болсақ, мен бұл мәселеге пікір білдіруге құзыретті емеспін. Біріншіден, бұл суреттің нақты қай жерде түсірілгенін және қай қала туралы сөз болып жатқанын білмеймін. Екіншіден, егер әңгіме бала күтімі бойынша декреттегі ананың не істеу керектігі туралы болса, меніңше, бұл отбасылық бюджет пен отбасылық қарым-қатынас мәселесі. Сондықтан бұл жерде өз тарапымнан пікір білдіру дұрыс болмас еді», — деп жауап берді Виктория Шегай.

БАҚ өкілдері бұл шулы кадрдың Алматы көшелерінде түсірілгенін және қазір әлеуметтік желідегі мыңдаған қолданушы жас анаға қаржылай көмек көрсету үшін оны іздестіріп жатқанын нақтылаған кезде де вице-министр өз ұстанымынан таймады.

«Менің қосарым жоқ. Сіздің сұрағыңызға өз құзыретім шеңберінде жауап бердім», — деп түйіндеді Шегай.

Жағдай жүйелі сипат алып барады

Айта кету керек, бұл біздің қоғамда қызу реакция тудырған алғашқы жағдай емес.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматының тағы бір тұрғыны түскен видео вирусқа айналған болатын. Әйел баламен серуендеуді және қосымша жұмысты қатар алып жүрген: ол алдында балалар арбасын итеріп, ал арқасына жеткізу қызметінің брендтелген қорабын асынып алған. Ол кезде де қазақстандықтар жас ананың негізгі қажеттіліктерін жауып беруге көмектесу үшін оны жаппай іздестіру туралы хабарлама жариялаған еді.

Сарапшылар мен желі қолданушылары мұндай жағдайларда жас аналардың денсаулығы мен балалардың қауіпсіздігіне жиі алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұған дейін Tengrinews.kz қарыз батпағынан шығып, кредиттерін жабу үшін бірден үш жұмыста істеуге мәжбүр болған тағы бір қазақстандық әйелдің тарихын баяндаған болатын.

Бүгін, 15:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.