Атырау, 11 маусым 16:26
 дождьВ Атырау +31.1
$ 488.59
€ 564.37
₽ 6.79

Израиль Палестина кірістерінен тұрақты түрде қаржы ұстайтын заңды бекітті

104 рет қаралды

Израиль парламенті (Кнессет) Палестина әкімшілігіне тиесілі салықтық түсімдерден ұстап қалуды заң деңгейінде бекітетін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды АА.

Кнессет мәлімдемесіне сәйкес, тиісті заң жобасының екінші және үшінші оқылымдары дүйсенбі күні өткен отырыста аяқталып, құжат қабылданды.

Мәлімдемеде заң жобасын билеуші «Ликуд» партиясының депутаты Авихай Авраам Боарон енгізгені айтылған.

Жаңа заңға сәйкес, Израиль жыл сайын Палестина әкімшілігі атынан жинайтын және «маккаса» деп аталатын өзара есеп айырысу тетігі арқылы қалыптасатын салықтық түсімдерден белгілі бір соманы ұстап қалады.

Ұстап қалынатын соманың мөлшерін Израиль қаржы министрі Бецалель Смотрич дайындайтын есеп негізінде Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі министрлік комитеті анықтайды.

Заң сондай-ақ ұсталған қаражатты Израиль мемлекеттік қазынасына аударуды қарастырады. Егер «террористік актілерден» зардап шекті делінген израильдіктерге өтемақы төлеу міндеттемелері болса, алдымен осы төлемдерге бағытталады, қалған бөлігі мемлекеттік қазынаға түседі.

Соңғы жылдары Израиль соттары палестиналықтар жасаған шабуылдардан зардап шектік деген израильдіктердің пайдасына ондаған миллион доллар өтемақы төлеу туралы шешімдер шығарған. Бұған дейін қаржы министрі Смотрич Палестинаға тиесілі салықтық түсімдерден осы өтемақыларды ұстап қалу тәжірибесін қолданған болатын. Жаңа заң қабылданғаннан кейін бұл тәжірибе тұрақты құқықтық мәртебеге ие болды.

Палестина тарапы «маккаса кірістері» деп атайтын бұл түсімдер Израиль арқылы немесе оның бақылауындағы шекара бекеттері арқылы палестиналық аумақтарға әкелінетін тауарларға салынатын салықтар мен кедендік алымдардан қалыптасады. Израиль бұл кірістерді Палестина әкімшілігі атынан жинайды.

2019 жылдан бері Израиль түрлі себептермен осы қаражаттан ұстап келеді. Мұндай тәжірибе Палестина әкімшілігінің қаржылық жағдайын күрделендіріп, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын толық көлемде төлеу мүмкіндігінен айырды.

Палестина премьер-министрі Мұхаммед Мустафа өткен айда Израильдің қысымды тек Газа секторына ғана емес, сонымен қатар оккупацияланған Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимге де жалғастырып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы 12 айда Палестинаға тиесілі «маккаса кірістерінен» ұстап қалу көлемі одан әрі артқан. Мустафа сондай-ақ Израиль осы кезеңде палестиналық қазынаға салық және кедендік түсімдерден түскен қаражатты аудармағанын атап өтті.

1994 жылы Израиль мен Палестинаны азат ету ұйымы арасында қол қойылған Париж экономикалық протоколына сәйкес, «маккаса кірістері» Израиль қаржы министрлігі тарапынан шекара бекеттерінде жиналады.

Бұл қызмет үшін Израиль жалпы соманың 3 %-ын комиссия ретінде ұстайды. Жылдық көлемде бұл түсімдер шамамен 380 миллион шекельді (102 миллион доллар) құрайды және Палестина әкімшілігінің ең маңызды қаржылық көздерінің бірі болып табылады.

Бүгін, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.