Атырау, 11 маусым 12:08
 дождьВ Атырау +28.5
$ 488.59
€ 564.37
₽ 6.79

Ұлттық ұланның мульткейіпкерлері судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

67 рет қаралды
gov.kz
gov.kz

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері шомылу маусымы кезінде азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған анимациялық бейнеролик әзірледі. Жоба заманауи жасанды интеллект технологияларының көмегімен жүзеге асырылды.

Бейнероликтің ерекшелігі – оның басты кейіпкерлері ретінде Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының шеврондарында бейнеленген жануарлар таңдалған. Олар ән арқылы кішкентай көрерменге су жағасындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қарапайым сақтық шараларын сақтаудың маңызын жеткізеді.

Бастаманың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне назарын аудару, жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.

Мультфильм барысында кейіпкерлер тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана шомылу қажеттігін еске салады. Сондай-ақ тексерілмеген аумақтарға суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау керектігі түсіндіріледі. Осындай қарапайым ережелерді сақтау төтенше жағдайлардың туындау қаупін едәуір төмендетеді.

Жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы кең аудиторияға, әсіресе балалар мен жастарға арналған жарқын әрі есте қаларлық профилактикалық контент жасалды. Анимациялық формат маңызды ақпаратты жеңіл қабылдауға мүмкіндік беріп, оның тиімділігін арттыра түседі.

Ұлттық ұланда профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты – жазатайым оқиғалардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейін арттыру. Бұл ретте азаматтардың көпшілік демалыс орындарында қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Ұландықтар отандастарды өз қауіпсіздігіне және жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Су айдындарындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Бүгін, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.