Атырау, 10 маусым 18:23
 снегВ Атырау +27.9
$ 490.21
€ 566.93
₽ 6.81

«Құтқарылған әр бекіренің аналығы — ертеңгі миллиондаған шабақ» — Атырауда екі ай жұмыстың қорытындысы жасалды

100 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

«Бекіре» балық қорғау акциясының қорытындысы бойынша брифинг өтіп, онда құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының екі ай жұмысының нәтижесі жарияланды.

Үйлестіру штабы өз қызметін Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында, бекіре тұқымдас және басқа да бағалы балық түрлерінің уылдырық шашатын кезеңде жүзеге асырды.

«Бекіре» акциясын өткізу кезінде құқық қорғау, табиғат қорғау және өзге де органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі Үйлестіру штабының мүшесі Олег Тушканов хабарлағандай, науқан аясында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы инспекторларының, полиция және Шекара қызметі қызметкерлерімен бірлескен бақылауы күшейтілді. Жайық және Қиғаш өзендерінің криминогендік учаскелеріне, сондай-ақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс акваториясына ерекше назар аударылды.

Оның айтуынша, акция басталғаннан бері 1 239 құқық бұзушылықтың жолы кесілді (өткен жылдың сәйкес кезеңінде — 1 125). 936 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды (өткен жылы — 867), оның ішінде 57 адам сот шешімдері бойынша жауапқа тартылды (2025 жылы — 35).

Салынған айыппұлдардың сомасы 25,9 млн теңгені құрады, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 21,6 млн теңгеге жеткен болатын. 33 қылмыстық іс қозғалды — бұл өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Осы істер аясында құқық бұзушыларға балық ресурстарына келтірілген жалпы сомасы шамамен 890 млн теңге зиян өтеу талап етіледі.

Заңсыз айналымнан 8 тонна 461 кг балық тәркіленді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (4 тонна 505 кг) екі есеге жуық артық. Соның ішінде 1 тонна 235 кг бекіре тұқымдас балық түрлері (2025 жылы — 1 тонна 330 кг), 10 кг 724 г бекіре уылдырығы (өткен жылы — 2 кг), 1 237 дана балық аулау құралы (бір жыл бұрын — 863), сондай-ақ 106 дана жүзу және көлік құралдары (өткен жылы — 44) тәркіленді.

Олег Тушкановтың айтуынша, көрсеткіштердің өсуі табиғат қорғау және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көбірек тартылуына, сондай-ақ жұмылдырылған мемлекеттік құрылымдардың материалдық-техникалық жабдықталуының жақсаруына байланысты мүмкін болды.

— «Бекіре» акциясының басты жетістігі — хаттамалардағы цифрлар емес. Ең бастысы — біз Жайық өзені мен Каспийге уылдырық шашу кезеңінен тиімді өтуге мүмкіндік бердік. Құтқарылған әрбір бекіре аналығы — бұл болашақтағы миллиондаған шабақ. Бұл ондаған жылдар бойы қауіп астында болған популяцияны қалпына келтіруге қосылған үлес, — деп атап өтті ол.

Тушканов сондай-ақ акцияның аяқталуына қарамастан, су айдындарын қорғау жұмыстары жалғаса беретінін баса айтты.

— Браконьерлік үзімлейді, сондықтан балық қорғау органдары шабақтардың қоректенетін жерлері мен қыстау шұңқырларында күшейтілген патрульдеу режиміне көшеді, — деп түйіндеді ол.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 16:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.