
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 6 маусым күні сағат 16:41 шамасында 1967 жылы туған ер адам жүрек тұсындағы қатты ауырсынуға байланысты жедел жәрдем шақырған.
Оның жағдайының ауырлығына байланысты шақыру бірінші санатпен қабылданып, бригада дереу жеткен.
Тексеру кезінде науқаста ST сегментінің көтерілуімен жүретін жедел коронарлық синдром және кардиогендік шок анықталды. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, оны шұғыл түрде облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізу туралы шешім қабылдады. Алайда жолда жүрек бірнеше рет тоқтап қалған. Жедел жәрдем бригадасы халықаралық стандарттарға сай жүрек‑өкпе реанимациясын жүргізіп, науқастың өмірі үшін күресті.
Кардиологиялық орталыққа жеткізілгеннен кейін де жүрек қызметі қайта тоқтап, дәрігерлер дереу реанимациялық шараларды жалғастырып, жүрек ритмін қалпына келтірді. Кейін науқасқа шұғыл коронарография жасалды. Зерттеу нәтижесінде жүректі қоректендіретін негізгі тамырлардың бірінің 100 пайыз бітелгені анықталды. Дәрігерлер жедел түрде стенттеу операциясын жасап, қан айналымын толық қалпына келтірді.
Қазір науқастың жағдайы тұрақты, ол қажетті ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында. Басқарма бұл оқиғаны жедел жәрдем қызметі мен кардиологиялық орталық мамандарының үйлесімді жұмысының айқын мысалы деп атап өтті.
«Медиктердің кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында тағы бір адамның өмірі сақталды», – делінген ресми хабарламада.
В Атырау +31.4