
Қазақстанда мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері жаппай қайта қаралады. Қолданыстағы кітаптардан 700-ден астам қате мен кемшілік анықталған, тіпті кейбір оқулықтар 9 жыл бойы мүлдем жаңартылмаған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, депжазады baq.kz.
Оқулықтардан қандай қате табылды?
Министрдің айтуынша, баспалар мен азаматтар тарапынан оқулықтарды жаңартуға қатысты көптеген өтініш түскен. Арнайы тексеру барысында анықталған 700-ден астам ескертпелердің ішінде мынадай өрескел кемшіліктер бар:
Ғылыми және деректік қателер: Математика пәніндегі жаңсақ анықтамалар мен есеп шығару жолдары, тарихи оқиғаларға қатысты қате пайымдар;
Мазмұндық шикіліктер: Ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдар және мектеп бағдарламасында қарастырылмаған шығармалардың кітапқа еніп кетуі;
Техникалық кемшіліктер: Стильдік қателер мен мәтін мазмұнына мүлдем сәйкес келмейтін иллюстрациялар (суреттер);
Ескірген жүйе: Оқу үрдісінде заман талабына сай келмейтін ескі әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың әлі де қолданылуы.
«Кейбір оқу басылымдары тоғыз жылға дейін елеулі өзгеріссіз қолданылып келген. Мұндай жағдайда оқулықтарды уақытылы жаңарту – оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай материалдармен қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін қажеттілігі», — деп жазды Аида Балаева Facebook парақшасында.
Кітаптар қай уақытта және қай сыныптарда өзгереді?
Оқу-ағарту министрлігі мектептерді заманауи басылымдармен қамтамасыз ету үшін оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартудың нақты жоспарын бекітті:
2026 жылғы 30 тамызға дейін: 3 және 7-сынып оқулықтары;
2027 жылғы 1 қаңтарға дейін: 4 және 9-сынып оқулықтары;
2027 жылғы 1 сәуірге дейін: 8-сынып оқулықтары толық жаңартылады.
Министр бұрын мақұлданған оқулықтарға қатысты Пәндік сараптама комиссиясының шешімдері күшінде қалатынын, бірақ бұл жердегі негізгі мақсат — түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік арқалау екенін түсіндірді.
Басты мақсат — «Адал азамат» құндылықтары
Жаңа реформа аясында шығатын кітаптардың басты бағыты — Қазақстандағы барлық мектептерді заманауи, мазмұны жіті сараланған және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделген сапалы білім қорымен қамтамасыз ету.
«Оқулық сараптаманың формалды талаптарына ғана сай болып қоймай, мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруі тиіс. Ата-аналар да, ұстаздар қауымы да бізден осы жауапты жұмысты жүйелі атқаруды күтеді», — деп түйіндеді министр.
В Атырау +28.9