
Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр.
Жоба Мемлекет басшысының елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Ұзындығы 262 шақырымды құрайтын жол учаскесі 7 құрылыс бөлігіне бөлінген.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Оразғалиевтің айтуынша, жолдың 763-791 шақырымында мердігер ұйым – «Ассана-Дорстрой» ЖШС мамандары жер жұмыстары, жол төсемін салу, сондай-ақ инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыруға кіріскен.
Жобаның бірінші кезеңі аясында негізгі жұмыстар аяқталды: 2 көпір мен 2 жол өткелі салынды, 35 су өткізу құбыры орнатылды, 4 мал өткелі жабдықталды, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар көшіріліп, қорғалды.
«Бұл жолға шамамен 20 жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Қазіргі таңда жолмен тәулігіне 12-15 мың көлік қатынайды, оның шамамен 70 пайызы – жеңіл автокөліктер. Жаз мезгілінде қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 24 мың көлікке дейін артады. Реконструкция аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың көлікке дейін жетеді», – деді Ринат Оразғалиев.
Аталған жолды реконструкциялау жобасының жетекшісі Сейдахмет Қошабаевтың мәліметінше, құрылыс жұмыстары басталғанына бір ай болды. Осы уақыт ішінде нысанда жер жұмыстары жүргізіліп, 200 мың тоннадан астам құм жеткізілген. Қолайсыз ауа райы жағдайларына қарамастан, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Учаскеде 64 техника мен 146 жұмысшы еңбек етуде.
Реконструкция 2028 жылы аяқталғаннан кейін жол I техникалық санатқа сәйкестендіріліп, төрт жолақты болады.
Жоба жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, көлік қатынасының қолжетімділігін жақсартуға және өңірдің транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған.
В Атырау +28.9