Құтқарушылар күні қарсаңында Атырау қаласының тұрғыны Әсел ЗҰЛПЫБЕКОВА (суретте) ерлігі үшін марапатқа ие болды.
Осы жылдың шілде айында «Мұнайшы» бассейнінде Аида ХАМЗИНА есімді 12 жасар қыз суға тұншығып қалған болатын. Ол су түбінде ұзақ уақыт жатып қалып, бассейн ернеуіне шығарылғанда, тіршілік белгісін білдірмеген де еді. Бассейн құтқарушылары құтқару жұмыстарын жүргізуге дайын емес болып шықты. Осы сәтте Әсел бойындағы бар қорқынышы мен үрейін жеңіп, мектепте үйренген жүрекке массаж жасау және жасанды дем беру машықтарын қолдана білді («АЖ», 08.08.13 күнгі «Бассейндегі оқыс жағдай және ержүрек құтқарушы» мақаласын қараңыз).
19 қазан – Құтқарушылар күні, төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күні, қалыптасқан дәстүр бойынша, ТЖД басшылығы аумақтық және өз ведомствосына қарасты мекеме қызметкерлерін марапаттайды. Әсел Зұлпыбекова Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен осы мерекелік шараға қатысқан жалғыз «азаматтық тұлға» болды. ТЖД басшысы, өртке қарсы қызмет полковнигі Болатбек ОМАРОВ оған «Төтенше жағдайлардағы ерлігі үшін» төсбелгісін табыс етті. Әселдің бұл ерлігі туралы ТЖ органдарына құтқарылған Аиданың ата-анасы хабарлапты.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА