
ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай Атырау қаласында «QazTehna» зауытынан шыққан Yutong маркалы 30 жаңа автобус салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл заманауи көліктер 10 маусымнан бастап №1, №4, №8, №30А, №57 және №65 бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын бастайды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев бұл бастама өңірдегі жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, автопаркті жаңарту жұмыстары жалғаса береді.
Өткен жылы «KG Transport» мекемесі арқылы сатып алынған 90 автобустың 48-і былтыр іске қосылса, қалған 42-сі биыл кезең-кезеңімен қолданысқа беріліп жатыр және жыл соңына дейін тағы да жаңа көліктер әкелінеді.
«Еуро-5» экологиялық стандартына сай келетін жаңа автобустар салқындату жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және инклюзивті пандустармен жабдықталған.
Қазіргі уақытта Атырау қаласында алты тасымалдаушы мекеме 38 бағыт бойынша тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
В Атырау +22.3