
«Әділет» партиясында Саяси кеңестің отырысы өтіп, онда ұйымдық даму, өңірлік құрылымды күшейту және алдағы жұмыс бағыттары талқыланды.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай сөзінде «Әділет» партиясының құрылуы қоғамдағы әділдікке деген сұраныс пен азаматтардың белсенді қолдауының нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, партияның басты міндеті – қоғамдық бастамаларды, кәсіби тәжірибені және белсенді азаматтарды біріктіре отырып, орталықта да, өңірлерде де тиімді жұмыс жүйесін қалыптастыру.
«Қазір әділдік идеясына қоғам тарапынан қолдау артып келеді. Партия төңірегіне еңбек адамдары, кәсіби қауымдастықтар, жастар мен қоғам қайраткерлері жиналуда. Алдымызда өңірлерде тиімді ұйымдар құру, заманауи басқару жүйесін енгізу, сараптамалық және кадрлық әлеуетті күшейту міндеті тұр. Ең бастысы – азаматтардың сенімін ақтауымыз қажет. Біз Президенттің барлық прогрессивті күштерді Әділетті Қазақстан идеясы төңірегіне топтастыру жөніндегі үндеуін қолдаймыз және ашық диалог пен нақты бастамалар арқылы осы бағытқа үлес қосуға дайынбыз», – деді Айбек Дәдебай.
Отырыста 14 маусымда Астанада өтетін партияның ІІ съезіне дайындық барысы қаралды. Сонымен қатар, өңірлердегі жұмысты жетілдіру және партиялық құрылымды дамытуға қатысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Саяси кеңес мүшелері партияның алдағы негізгі бағыттарын қолдады. «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай өңірлік ұйымдарды нығайтудың маңызын атап өтсе, саясаттанушы Бүріхан Нұрмұхамедов қоғамды әділдік пен жауапкершілік жолында біріктірудің қажеттілігін айтты.
Партия қоғамдық және кәсіби бірлестіктермен ынтымақтастықты арттырып, Әділетті Қазақстанды дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр.
В Атырау +24.9