Атырау, 8 маусым 17:31
 дождьВ Атырау +26
$ 487.44
€ 567.38
₽ 6.62

​Қазақстандықтар Қырғызстанда жылжымайтын мүлікті ең көп сатып алатын шетелдіктердің қатарында тұр

59 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Жогорку Кенеш депутаты Дастан Бекешев «Кадастр» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы шетелдіктердің қатысуымен жасалған жылжымайтын мүліктен мәмілелері бойынша статистиканы жариялады.

Оның мәліметінше, аталған кезеңде шетелдік азаматтар Қырғызстанда 2 408 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алған.

Ең көп мәміле Ресей азаматтарына тиесілі — 1 238. Екінші орында Қазақстан азаматтары тұр — 424 мәміле. Қытай азаматтары 311 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алған.

Сондай-ақ, сатып алушылардың арасында Түркия (145 мәміле) және Германия (56) азаматтары көрсетілген.

Бекешев ҚХР азаматтары бойынша мәліметтерді бөлек келтірді. 2025 жылы олар 272 мәміле жасаса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 39 мәміле тіркелген.

Қытай азаматтары сатып алған жылжымайтын мүліктің жалпы ауданы 32 540 шаршы метрді құрады. Оның ішінде 4 260 шаршы метрі жер учаскелеріне тиесілі.

Депутаттың айтуынша, 2025 жылы Қырғызстанда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша 62 мыңнан астам мәміле тіркелген. Қытай азаматтарының қатысуымен жасалған мәмілелердің үлесі жалпы нарықтың шамамен 0,44%-ын құрады.

Бекешев бұл мәліметтер ҚХР азаматтарының жылжымайтын мүлікті жаппай сатып алып жатқаны туралы кең таралған пікірді растамайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, депутат мұндай мәмілелердің үлесі төмен болса да, мемлекетке тұрақты әрі ашық мониторинг қажет екенін баса айтты.

Оның сөзінше, жылжымайтын мүлікті кім сатып алып жатқанын, оның нақты қай жерден алынғанын, бір адамның атына қанша нысан ресімделгенін, стратегиялық немесе шекаралық аймақтарда мәмілелердің бар-жоғын, сондай-ақ жалған (жасырын) тұлғалардың пайдаланылып жатпағанын қадағалап отыру маңызды.

Бүгін, 16:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.