Атырау, 11 желтоқсан 11:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Чемпион бапкерлер

4 383 просмотра

«Атырау» су спорты түрлері бойынша облыстық командасы» КМК 8 және 11 жас аралығындағы мектеп оқушыларына жүзуді тегін үйрету бойынша 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асырмақшы. Үйрету үшін орталық жүзу бассейнінде («Мұнайшы» спорт кешені) 15 жаттықтырушы жұмыс істейді. Жақында тәлімгерлер ұжымының қатарына  2012 жылғы Азия чемпионы, Қазақстанның қазіргі чемпионы Айзада ЖҮСІПОВА да қосылды.

Жүсіпова Айзада Аждарқызы, 19 жаста, Қазақстан чемпионы (2011, 2012, 2013), Азия чемпионы (2012), Украина (2011) және Греция (2012) ашық чемпионаттарының жеңімпазы.

- Мені Атырауға «Атырау» су спорты түрлері бойынша облыстық командасы» КМКдиректоры, Афины олимпиадасына қатысушы Виталий Хан шақырды. Біз Алматы қаласындағы спорт интернатында жаттықтырушы Александр Николаевич Смолиевта бірге жаттыққан болатынбыз. Мен үшін бұл алғашқы бапкерлік тәжірибе болмақ. Қазір мен алты баламен жаттығу өткізіп жүрмін, оларды қалай болғанда да чемпион етіп шығарғым келеді. Бапкерлікпен қатар өзім де жарыстарға қатысатын боламын, айталық, желтоқсанда Қазақстанның қысқы чемпионатында бақ сынамақпын. 

- Балаларды жүзуге үйретуді қандай сызба бойынша жүргізіп жатқандығыңызды айтыңызшы?

- Облыс аумағында тұратын кез келген жастары 8 және 11 аралығындағы балалар бізден 16 сағаттық тегін курстан өте алады. Курсты аяқтағаннан кейін ата-аналар қалауы бойынша балаларын ақылы топтарға жаза алады. Бір айға абонемент құны - 6 мың теңге. Жүзуге талабы бар, жаттықтырушының барлық тапсырмасын дұрыс орындай білетін баланы уақытша құрамға ауыстырады. Онда жаттығулар тегін жүргізіледі. Бұдан басқа, уақытша құрамдағы орнын балалар тоқсан сайын өткізілетін қалалық чемпионаттарда өзін жақсы жағынан көрсетіп, сақтап қала алады. Керісінше, ешқандай нәтижелерге қол жеткізбесе, жаттығуларға дұрыс қатыспай, тәртіпті бұзса, тәрбиеленуші құрамнан шығарылады. Сол себепті де бұл уақытша құрам деп аталады. Біз баланың бойында болашақта жақсы нәтижелерге қол жеткізем деген қызығушылықты тудыра білуіміз керек және соған тәрбиелейміз. Жүзу ағзаның барлық бұлшық еттерін дамытады. Бірақ спорттың бұл түрінде талап пен үлкен еңбексіз жеңіске жету мүмкін емес.

- Өз әріптестеріңіз туралы айтып өтсеңіз? Оларда қанша бала тәрбиеленіп жатыр?

- Спорт шебері, Қазақстанның 2008 жылғы қола жүлдегері, аға жаттықтырушы Дамир Ешенқұлов бар. Жасы 23-те. Оның қарауындағы уақытша құрамда 20-дан астам бала жаттығады.

24 жастағы аға жаттықтырушы Ернұр Қойлиев Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Онда 40-тан аса бала тегін жаттығады. Оның мамандығы – су добы. Болашақта оның тәрбиеленушілері негізгі облыстық ватерполо командасын құрайтын болады. 

Жаттықтырушы Мария Матвеева, жасы 22-де, 2005-2010 жылдар-дағы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Ресей, Өзбекстан ашық чемпионаттарының жүлдегері. Оның тобында 20 жас спортшы бар.

34 жастағы жаттықтырушы Иван Галкин каноэмен есу бойынша Қазақстан чемпионы. Ол 40 баланы тәрбиелеуде.

36 жастағы Ильфат Гатиятуллин - Азияның екі дүркін чемпионы, байдаркамен есу бойынша Атлантада өткен олимпиада ойындарына қатысушы. Оның уақытша құрама тобында 35 бала бар.

Жазда тегін топта жүзумен жаттығу үшін Атырауға облыс аудандарынан біраз бала келді. Қазір оқу жылының басталуына орай олардың легі азайды.

30 қыркүйекте біздің бассейнде өткен қала чемпионатында 15 жастағы Бағдаулет Әбу 50 метрді 24,4 секундта жүзіп, спорт шеберлігіне кандидаттық нормативті орындады. Бұған дейін де тағы бір жергілікті тәрбиеленушілеріміздің бірі Алексей Суслов Қазақстан чемпионатында осындай жетістікке қол жеткізді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

24 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.