
Айыпталушы кінәсін мойындап, жұбайын қызғаныштан өлтіргенін айтты. Алайда әйелінің опасыздығына ешқандай дәлелі болмаған.
Сотта белгілі болғандай, ол үйіне бейнебақылау камераларын орнатып, жұбайының жүріс-тұрысын 2GIS қосымшасы арқылы бақылаған және оны басқа ер адамдармен байланысы бар деп күдіктенген.
Судья Зарема Хамидуллинаның төрағалығымен №16 мектептің мұғалімі Әлия Елесинованың өліміне қатысты негізгі сот процесі басталды.
Айыпталушы Сәрсен Өтеулиев кінәсін толық мойындады. Ол көз жасына ерік беріп, өзіне өлім жазасын тағайындауды сұрады.
Сот отырысы кешігіп басталды. Бұған айыпталушының денсаулығының нашарлауы себеп болды, оған жедел жәрдем шақырылған. Дәрігерлердің көмегінен кейін жағдайы тұрақталып, сотта жауап берді.
Өтеулиев жұбайын қызғаныштан өлтіргенін айтты. Оның сөзінше, қызғаныш сезімі уақыт өте келе өмірін толықтай билеп алған.
— Сүйікті адамыңды ешкіммен бөліскің келмейді ғой. Үнемі біреу оған қарап тұрғандай немесе қызығушылық танытқандай көрінеді, — деді ол сотта.
Судья оның жұбайының басқа ер адаммен кездескеніне немесе сөйлескеніне нақты дәлел бар-жоғын сұрағанда, айыпталушы теріс жауап берді. Оның айтуынша, ешқандай дәлел болмаған.
Сонымен қатар, ол өз ойына интернеттегі түрлі бейнероликтер мен материалдардың әсер еткенін айтып, «интернет – өте жаман» екенін айтты.
Сот отырысында белгілі болғандай, 63 жастағы ер адам үйіне бейнебақылау камераларын орнатып, жұбайының жүріс-тұрысын 2GIS қосымшасы арқылы бақылаған. Ол әйелін тіпті мектептегі 26 жастағы дене шынықтыру мұғаліміне дейін қызғанышпен күдіктенген. Алайда жұбайының опасыздығына қатысты ешқандай дәлел келтіре алмады.
Сондай-ақ сотта отбасында қызғаныш пен сенімсіздікке байланысты жиі жанжалдар болғаны айтылды.
Сот процесі жалғасуда.
Оқиғаны еске сала кетсек, қайғылы жағдай 2026 жылдың 16 наурызына қараған түні Нұрсая ықшамауданында болған. 63 жастағы зейнеткер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айыпталуда.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +22.8