Атырау, 11 желтоқсан 22:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Спорт жаңалықтары

3 299 просмотра

Эльмира ерледі

Гректің Салоники қаласында аяқталған 1993-95 ж.т., жасөспірімдер арасында самбодан өткен әлем чемпионатында атыраулық самбошы бойжеткен Эльмира Самиғоллаева (суретте) күміс медальді жеңіп алды. 

Ақтық мәреге жету жолында Эльмира жеңіске жетті, ол өз қарсыластары румындық спортшыны 12:0, ал, сербиялық бойжеткенді – 10:0 есебімен тізе бүктірді. Алайда, ақтық белдесуде Ресейден келген қарсыласының батыл жекпе-жегіне тойтарыс бере алмады. Э.Самиғоллаева №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер Мейіржан Есмағамбетовте жаттығады. Аталмыш чемпионатқа Атырау облысынан барған екінші өкіл Асланбек Әзімов алғашқы жекпе-жекте-ақ өзінің армениялық қарсыласынан жеңіліп қалды. 

***

 

Жақсы көрсеткіш

Самара облысының Жигулёвск қаласында «Самарская лука» деген атаумен 22-ші Бүкіл ресейлік экологиялық марафон болып өтті.

Марафонға Ресейден және басқа ТМД елдерінен 300-ден астам желаяқ қатысты. Жартылай марафонда (21 шақырым 98 метр) атыраулық танымал желаяқ, Мұнай және газ институтының дене тәрбиесі кафедрасының профессоры Асқар Қазиев бағын сынады. Ол 50-59 жас аралығындағы 24 қатысушысы бар жарыста 8-ші орынды еншіледі.

***

 

Жеңімпаз полицейлер

Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде қоян-қолтық ұрыс бойынша Қазақстан кубогі өтті.

Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан келген командалар, сондай-ақ, Ұлттық гвардия, президенттің күзет қызметі, ҰҚК, ІІМ жӘне шекара қызметі  қатысты. 90 келіге дейінгі салмақ санаты бойынша облыс құрамасы үшін ІІД қызметкері Санат Нағимов бақ сынады. Ол қола медальді жеңіп алды. Облыс құрамасының қоржынына тағы бір «қоланы» 55 келіге дейінгі салмақ бойынша алаңға шыққан Ержан Әйкимов салды. 73 келіге дейінгі салмақта Ляйсан Бердиева «күмісті» қанжығасына байлады. Мұндай жетістікке 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Отаров та ие болды.Облыс құрамасынан «алтынды» еншілеген жалғыз Арғын Сабыров болды, ол 90 келіге дейінгі салмақ бойынша өнер көрсетті. Ақтық мӘреде Арғын президенттің күзет қызметі командасының  мүшесі Ерболат Бержановты тізе бүктірді.

Медальдық есеп бойынша облыс құрамасы V орынды иеленді. 1-ші орын ІІМ, 2-ші орынды Ұлттық гвардия, 3-ші орынды президенттің күзет қызметі  жеңіп алды.

Спортшылар мен жаттықтырушылар Қазақстан кубогының жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткені үшін облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Нұржан Байғазиевке, Isker консорциумына, «КаспийНефть» АҚ, «Атаба» ЖШС, InterOil Company, Trade Oil Resourse компанияларына алғыстарын білдірді.

***

 

Құрманғазы алда келеді

Дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының бастамасымен колледж және мектеп оқушылары арасында президенттік көпсайыс бойынша облыстық біріншілік ұйымдастырылды.

Жарысқа жалпы саны 70 адам болатын 6 команда қатысты. Орындар жас ерекшеліктеріне қарай белгіленді. Айталық, 14-15 жас  (жасөспірімдер) бойынша – Олжабек Жолдасов, Мейірбек Шайхатов, Владислав Вьюрков, (қыздар) – Бағдат Темірболатова, Дарья Серебрякова, Мөлдір Барышева; 16-17 жас (жасөспірімдер) – Максим Майоров, Абылай Зұлқарнаев, Азамат Нұфтолла, (қыздар) – Светлана Абкосова, Айдана Хасайнова, Мария Башаровалар иеленді. Командалық есеп бойынша 14-15 жас аралығындағы топта Құрманғазы ауданының командасы бірінші орынды жеңіп алды. 2-ші орынды қалалық білім бөлімінің командасы, ал 3-ші орынды Индер ауданының командасы иеленді. 16-17 жас аралығындағы топ бойынша да жүлделер тізбесі осылайша өрілді, тек мұнда 1-ші орынды облыстық орталықтың командасы өз қанжығасына байлады.

***

 

Бас жүлде Ринатқа бұйырды

Жақын арада Қала күні құрметіне орай ұлттық қазақша күрес бойынша өткен ашық турнирде рекордты жүлделі қор – 1 млн теңге тігілді.

Едәуір сыйақы мөлшері Атырауға Алматыдан, Қызылордадан, Орал мен облысымыздың барлық аудандарынан палуандарды тартты. Қола алқа мен 100 мың теңге Ринат Лұқпановқа, күміс алқа мен 150 мың теңге «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің ширек финалисі Сұңғат Закарияевқа бұйырды. Алтын алқа мен 750 мың теңге мөлшеріндегі басты ақшалай сыйлықты Олимпиада-2012 ойынына қатысушы атыраулық дзюдошы Ринат Ибрагимов қанжығасына байлады.

***

 

Күш құрылымдары күш сынасты

 «Балықшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде облыстағы құқыққорғау органдарының командалары арасында Құтқарушылар күніне арналған волейбол турнирі өтті.

Төреші Нұрлан Қайырлиевтің айтуынша, турнирге 4 команда қатысқан. 1-орын ҰҚК департаментіне, 2-орын кеден департаментіне, 3-орын ТЖ департаментіне бұйырыпты. ІІД соңғы орында қалған.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

24 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.