Атырау, 8 маусым 11:17
 дождьВ Атырау +15.5
$ 487.44
€ 567.38
₽ 6.62

​Израиль Иранға қарымта соққы берді: қазіргі уақытта не белгілі

68 рет қаралды
АҚШ пен Израильдің әуе соққыларынан кейінгі Тегеран үстіндегі түтін (архивтегі фото)/Сурет: Vahid Salemi/AP Photo/dpa/picture alliance
АҚШ пен Израильдің әуе соққыларынан кейінгі Тегеран үстіндегі түтін (архивтегі фото)/Сурет: Vahid Salemi/AP Photo/dpa/picture alliance

Израиль қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Иран аумағындағы нысандарға әуеден соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл Тегеран тарапынан жасалған ауқымды зымыран шабуылына жауап болды, деп хабарлайды DW.

Израиль әскерилерінің мәліметінше, Иранның батыс және орталық бөлігіндегі нысандар шабуылға ұшыраған. ЦАХАЛ әзірге соққы жасалған нысандардың нақты тізімін нақтылап айтқан жоқ.

Жағдайдың ушығуы өткен түнде Иранның Израиль аумағына зымырандар ұшыруынан басталды. Елде әуе дабылы жарияланып, тұрғындар бомбадан қорғанатын орындарға жасырынуға шақырылды, сондай-ақ барлық мектептерде сабақтар тоқтатылды. Тегеран бұл шабуылды Израиль әскери-әуе күштері Бейруттегі «Хезболлах» қозғалысының штаб-пәтерлеріне соққы бергеннен кейінгі «ескерту» деп атады.

Бұған Дональд Трамптың қандай қатысы бар?

Эскалацияның жаңа кезеңі Тегеранмен бейбіт келісім жасасуды жоспарлап отырған АҚШ Президенті Дональд Трамптың мәлімдемелері аясында болғаны назар аударарлық.

Financial Times басылымына берген сұхбатында Трамп Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонның еркіне бағынатынына сенім білдірді.

«Барлық шешімді мен қабылдаймын. Ол (Нетаньяху — ред. ескертпесі) шешім қабылдамайды», — деп кесіп айтты Ақ үй басшысы болашақ мәміленің барысын түсіндіре отырып.

Бейбіт келісім жасала ма?

Бұған дейін БАҚ-та АҚШ пен Иран ақпан айының соңынан бері жалғасып келе жатқан қақтығысты реттеу бойынша алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізгені туралы ақпарат пайда болған.

Дегенмен, қуануға әлі ерте — келісімге осы уақытқа дейін қол қойылған жоқ. Дональд Трамп Иранға қатаң негізгі шарт қойды — ол Тегеранның ядролық қару әзірлеуден толықтай бас тартуы. Иран басшылығы да Вашингтонмен келіссөздердің соңғы нүктесіне дейін әлі алыс екенін растады.

Бүгін, 09:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.