"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет Құрманғазы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бұрынғы аға инженері, өртке қарсы қызмет капитаны Нұржан ТІЛЕШОВ өткен жылғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау комиссиясының оны жұмыстан босату туралы шешімімен келіспей, бір жылдан бері сот жағалап жүр.
Оның жұмысқа қайта орналастыру туралы талап-арызын қалалық сот қанағаттандырған жоқ. Облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осыдан кейін Тілешов келесі сот инстанциясына кассациялық шағым түсірді.
Ол өз талап-арызында Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің 2012 жылдың 28 қарашасында өткізілген аттестаттау комиссиясының шешімін заңсыз деп тануды және бұрынғы жұмысына қайта орналастырып, бос жүруге мәжбүр болған уақытына еңбекақысын өндіруді сұрап жазған болатын.
Себебі, ол 2012 жылдың 27 қыркүйегінде өткізілген бірінші аттестаттау кезінде тиісті балл жинай алмағандықтан, аймақтық жергілікті аттестаттау комиссиясы оған қатысты «атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады» деген шешім қабылдайды. Тілешов мұнымен келіседі. Кейін ол 1 қарашадан бастап өзінің мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметінен босатылып, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қарамағында (резерв) тұрғанын біледі. Ал кейін 28 қараша күні әңгімелесу кезегін өткізіп, аймақтық жергілікті аттестаттау комиссиясы бұл жолы «атқаратын лауазымына лайықты емес және құқық қорғау органдарынан босатылуға ұсынылады» деген шешім қабылдайды.
Аттестаттау комиссиясының бастапқы шешімінің өзгеруіне Төтенше жағдайлар министрлігінің кадрлық қамтамасыз ету департаментінің тексерісі себеп болды. Тексеріс бірқатар кемшіліктерді анықтайды. Соның ішінде тексерушілердің анықтамасында Н.Тілешовтың Қазақстан Республикасының заңнамасын білу және логикалық ойлау қабілетін тексеруге арналған компьютерлік тестілеуден және дене шынықтыру, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша белгіленген нормативтерді тапсырудан өтпеуіне байланысты құқық қорғау органынан босатылуы тиіс деп көрсетті.
- ҚР-ның «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 50-бабының 2-ші тармағының талабына сәйкес, кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс. Ал, бірінші аттестаттау комиссиясы мені бірден атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деп шешім қабылдаған. Бұл жерде заң процедурасы сақталмаған, - дейді Тілешов. Ол жоғары тұрған сот инстанциясының шешімінен үміт күтеді.
Айнұр САПАРОВА