Атырау, 5 маусым 15:40
 дождьВ Атырау +26.6
$ 485.34
€ 564.45
₽ 6.53

Теңіздегі газ бөлу кешенінің құрылысы қарқын алуда

88 рет қаралды

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов жұмыс сапары барысында KMG PetroChem компаниясының кеңсесіне барып, Теңіз кен орнында салынып жатқан газ бөлу кешенінің іске асырылу барысымен танысты.

Компания басшылығы вице-министрге жобаның қазіргі жағдайы мен болашақ жоспарлары туралы баяндады.

Қазіргі таңда кешен құрылысы белсенді кезеңде жүріп жатыр: алаңда 8 мыңнан астам қада қағылып, негізгі нысандарға арналған аумақ дайындалуда. Жобаның орындалу деңгейі 14 пайыздан асты. Сонымен қатар жергілікті қамту үлесін арттыруға басымдық беріліп, жабдықтар мен құрылыс материалдарының бір бөлігі отандық кәсіпорындарда өндірілуде. Пропан сақтауға арналған буллиттер, электр тарату станциялары, көміртекті болаттан жасалған колонналар, қысымға төзімді ыдыстар, қаптамалы құбырлар және қадаларға тапсырыс берілген.

Құрылыс алаңында бүгінде 1300-ден астам адам еңбек етуде, олардың 70 пайызы – Атырау облысының тұрғындары. Жоба «Силлено» полиэтилен зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Этан «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін тазартылған құрғақ газдан бөлініп алынады.

Магистральдық құбыржолдар жобасы бойынша EPC-мердігер 2025 жылдың соңында анықталған. Қазір жобалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, ал құрылыс-монтаж кезеңі 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Сонымен қатар Санжар Жаркешовке компанияның терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат, желілік алкилбензол және карбамид өндіру бағытындағы перспективалы жобаларының мәртебесі таныстырылды.

Бүгін, 14:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.