Атырау, 5 маусым 11:50
 дождьВ Атырау +24.6
$ 485.34
€ 564.45
₽ 6.53

Атырауда өңірдегі үздік оқушылар мен ұстаздар марапатталды

80 рет қаралды

Атырауда халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда топ жарған оқушыларды ұлықтауға арналған «Дарынды ұрпақ – ел болашағы» атты салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздарға мемлекеттік наградалар табыстады. Ал озат оқушылар облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Индер ауданының еңбек ардагері Гауһар Серікбаева мен Аққыстау орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлнәр Төлеуғалиева «Құрмет» орденімен марапатталды.

Гауһар Серікбаева еңбек жолын 1982 жылы Есбол орта мектебінде бастап, 2005 жылдан бері «Көктем» орта мектебінде математика пәнінен сабақ берді.

Ал Гүлнәр Төлеуғалиева білім беру саласында 38 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның шәкірттері аудандық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.

«Ерен еңбегі үшін» медалі Құрманғазы ауданындағы Б.Бегалиев атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Сания Қуанышәлиеваға, Қ.Кайсенов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Зибира Ордабаеваға, Жылыой ауданындағы М.Сатыбалдиев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнәр Сибағатоваға және еңбек ардагері Светлана Сұлтановаға табысталды.

Сания Қуанышәлиева педагогикалық қызметін 1990 жылы бастаған. Зибира Ордабаева 35 жылдан астам уақытын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнап, оларға білім берумен қатар еңбекқорлық пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеп келеді.

Гүлнәр Сибағатова – 38 жылдық еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші. Ал Светлана Сұлтанова еңбек жолын 1981 жылы балабақша тәрбиешісі ретінде бастап, кейін облыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. Әр жылдары директордың орынбасары, мектеп директоры қызметін атқарып, жоғары санатты ұстаз ретінде танылды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі білімнің ел болашағын айқындайтын басты құндылық екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білімді, бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ елдің жарқын болашағының негізі екенін жиі айтады. Өлкеміздің озат шәкірттері өз жетістігімен өңіріміздің мерейін асқақтатып, елімізді әлемге танытып жүр. Облыс әкімдігі білімді оқушыларды қолдауға қай кезде де дайын. Биыл дарынды оқушыларға арналған 200 орындық «Жас Дарын» оқу-жаттығу лагері салынып жатыр. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі. Онда үздіктеріміз жазғы демалыста тынығып қана қоймай, жыл он екі ай бойы олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға дайындалады. Бізді өздеріңіз секілді білім-ғылымға құштар ұрпақтың талпынысы ерекше қуантады. Асқақ армандарыңыздың орындалуына тілектеспін және еліміздің дамуына 
зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін, – деді Серік Шәпкенов.

Қазіргі таңда облыста 154 мыңға жуық оқушы білім алады. Олардың 5 мыңнан астамы түрлі зияткерлік сайыстарға белсенді қатысып жүр. Биыл 167 оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жеңіске жеткен.

Солардың бірі – «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Әбілмансұр Құрмет. Ол Еуразия олимпиадасында информатика пәнінен команда құрамында алтын медаль иеленді.

– Олимпиадаға екі ай бойы үзбей дайындалдық. Күн сайын бес сағатқа дейін онлайн кездесулер өткізіп, күрделі тапсырмаларды орындалық. Менің міндетім бағдарламалық код жазу болды. Бұл олимпиаданың тапсырмаларын Мәскеу физика-техникалық институтының мамандары әзірлейді, күрделі сайыстың бірі, – деді Әбілмансұр Құрмет.

Атыраулық шәкірттер республикалық пән олимпиадаларында да жоғары нәтиже көрсетті. 7-8 сынып оқушылары жалпыкомандалық есепте бас жүлде иеленіп, 4 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Ал 9-11 сынып оқушыларының қоржынында 10 алтын, 9 күміс және 15 қола медаль бар.

Марапаттау рәсімі мерекелік концертпен қорытындыланып, онда дарынды балалар өнер көрсетті. Сондай-ақ Gassyr мен Сырым Исабаевтар кешке арнайы шақырылып, өз әндерін тарту етті.

Бүгін, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.