
Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға ресми сапары барысында елдің технологиялық әлеуетін көрсететін жаңа alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.
Қонақтарға Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытудағы стратегиялық бағыттары таныстырылды. Орталық делегацияны Астана әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Astana Smart City жобасымен таныстырды.
Бұл жүйе үлкен деректер мен жасанды интеллектті біріктіріп, қала қызметтерінің тиімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні көрсетілді. Кипр Президенті қоғамдық қауіпсіздік пен көлік ағындарын оңтайландыру сияқты ЖИ қолдану мысалдарына ерекше назар аударды.
Сапар аясында Қазақстан Президенті Қасым‑Жомарт Тоқаев пен Кипр Президенті Никос Христодулидис қатысқан кездесуде екі елдің министрліктері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат АКТ, электрондық үкімет, ғарыш, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастыққа негіз қалады.
Бүгінде alem.ai орталығы ІТ‑таланттарды тартатын маңызды хабқа айналып, халықаралық деңгейде Қазақстанның цифрлық жетістіктерін паш ететін басты алаң ретінде қалыптасып келеді.
В Атырау +21.6