
Атырау облысының тұрғыны Ресейдегі миллиондаған сомаға мұра қалғаны туралы оқиғаны ойдан шығарып, сенгіш қазақстандықтардан 153 миллион теңгеден астам қаражатты алдап жинап алған. Зардап шеккендер оңай олжаға кенелу үшін соңғы мүліктерін сатып, батпақтай қарызға батқан, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Пысық ер адамның қолданған схемасы қарапайым, бірақ өте тиімді болып шықты. Ол таныстарын Ресейде ата-анасы қайтыс болғаннан кейін азаматтық некедегі әйеліне құны шамамен миллион доллар болатын мұра қалатынына сендірген. Алайда, оның айтуынша, құжаттарды ресімдеу, адвокаттар мен нотариустардың қызметін төлеу үшін шұғыл түрде «бар-жоғы» 250 мың доллар қажет болған. Инвесторларға ол салынған қаражатты екі есе көлемде қайтаруға уәде берген.
Қолда бардың бәрін сатты
Қармаққа бірінші болып Қарағанды тұрғыны ілінген, ол сотталушыны 2022 жылдан бері танып, оны табысты кәсіпкер деп санаған. Оқиғаға сенген ер адам 2023 жылдың тамызынан 2024 жылдың ақпанына дейінгі аралықта досына 105 миллион теңге берген. Бұл соманы жинау үшін қарағандылық мына мүліктерінен айырылды:
Пәтерлер;
Жер учаскелері;
Ауыл шаруашылығы техникасы және басқа да мүліктері.
Бұған қоса, ер адам достарын да мол байлыққа кенелткісі келіп, оларды осы «тиімді жобаға» тартқан.
Достарының бірі үгіт-насихатқа еріп, асығыстықтың кесірінен пәтерін нарықтық құнынан едәуір төмен бағаға сатып жіберген. Бағадағы айырмашылықты да оған екі есе көлемде өтеп беруге уәде еткен. Бұл ақша жетпеген кезде, ол несие алып, содан кейін өзінің Range Rover көлігін кепілге қойған. Жалпы шығын 38,5 миллион теңгені құрады.
Тағы бір зардап шегуші бірден бірнеше банктен қарыз ресімдеп, 10 миллион теңгесінен айырылған. Ең таңғаларлығы, адамдар миллиондаған соманы ешқандай қолхатсыз және келісімшартсыз, тек адал сөзге сеніп бере салған.
«Бұл алдау емес, инвестиция»
Іс сотқа дейін жетті. Сотталушының өзі кінәсін еш мойындамады. Ол бұл әдеттегі «инвестициялық жоба» болғанын, ақша оның бірге тұратын әйелі арқылы шетелдік қорға кеткенін, ал жанжалдың өзі азаматтық тәртіппен шешілуі керегін айтып сендірді.
Алайда сот іс жүзінде ешқандай миллиондық мұраның болмағанын, ал бүкіл оқиға ақшаны алдап алу үшін таза ойдан шығарылған қиял екенін анықтады.
Сот қандай үкім кесті?
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты ер адамды аса ірі мөлшердегі алаяқтық үшін кінәлі деп танып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Сондай-ақ сотталған азамат зардап шеккендерге ұрланған барлық миллиондарды (тиісінше 105 млн, 38,5 млн және 9,7 млн теңге) қайтаруға міндетті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +13.2