
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, екі елдің бас прокуратураларының өзара іс-қимылы аясында ауқымды халықаралық арнайы операция өткізді.
- Операция нәтижесінде Одесса қаласында Қазақстан азаматтарына қатысты заңсыз әрекеттер жасаған ұйымдасқан алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет-алаяқтық әрекеттерін жүйелі түрде жүзеге асырып келген. Алдын ала мәліметтер бойынша қаскөйлердің құрбаны 120-дан астам адам, келтірілген жалпы материалдық шығын 85 миллион теңгеден асады.
Қаскөйлер әлеуметтік инженерияның заманауи тәсілдерін қолданған. Олар байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген. Құрылғыларға қашықтан қол жеткізгеннен кейін қылмыскерлер жәбірленушілердің қаражаты мен жеке деректерін жымқырған, - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Халықаралық арнайы операция аясында санкцияланған сегіз тінту жүргізіліп, нәтижесінде:
• екі элиталық автокөлік;
• 26 компьютер;
• 49 мобильді құрылғы;
• психологиялық ықпал ету бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен сценарийлер;
• Қазақстан Республикасының рәміздері тәркіленді.
Операция қорытындысы бойынша Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу олардың Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеруде.
Жүргізілген операция трансұлттық киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы тиімді халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі болды.
- Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі азаматтарды қырағылық сақтауға шақырады. Естеріңізде болсын: құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан несие рәсімдеуді немесе ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейді. Белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша бөгде қосымшаларды орнатпаңыз және растау кодтарын, құпиясөздерді немесе құрылғыға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға бермеңіз, - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
В Атырау +17.1