
Сұлтан Сәрсемалиевтің ісі бойынша өтіп жатқан сотта қаза тапқандардың туыстары хат жазысып отырған адамның мүлдем басқа жан екенін қалай біртіндеп түсінгендерін айтып берді.
Бүгін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылындағы бір отбасын өлтіру ісі бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасты.
Марқұм Мақсот Қарабаллиннің немере қарындасы Паризат Кенжагалиева былтыр 12 қарашада оның мал-мүлкі сатылып жатқанын естіп, ағасының үйіне барған. Сол жерде ол малды тиеп жатқан адамдарды көріп, «сатқызбаймын» деп қарсылық білдірген.
Оның айтуынша, сол кезде марқұм інісі Наурыз Мұқанғалиевтың WhatsApp номері арқылы мал сатып жатқанын білген. Ал ол мал Сәрсемалиев тарапынан сатылып жатқанын білмеген.
Куәгер үй иелері жоқ кезде мүліктің сатылуына үзілді-кесілді қарсы болғанын мәлімдеді. Осыдан кейін ол Наурызға бейнебайланыс арқылы бірнеше рет қоңырау шалуға тырысқан, бірақ ешқандай жауап ала алмаған.
Жауап алу кезінде Кенжеғалиева сотталушының әрекетіне эмоционалды түрде реакция білдірді.
— Өлген адамды тірілтіп отыр ғой! — деді ол.
Содан кейін Сұлтан Сәрсемалиевке бұрылып:
— Не жазығы бар еді олардың? Көтер басыңды! — деді.
Судьяның ескертуінен кейін куәгер айғақ беруін жалғастырды. Оның айтуынша, қаза тапқан отбасының ешқандай қарызы болмаған және өз қаражаттарына күн көріп келген. Бұл туралы айтқан кезде әйел көз жасына ерік берді.
Келесі кезекте қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің немере інісі Шалқар Мұқанғалиевтен жауап алынды.
Ол туыстары жоғалып кеткеннен кейін Наурыз Мұқанғалиевпен бірнеше рет байланысқа шығуға тырысқанын айтты. Хабарламалардың біріне «бір проблемалар болып жатыр» деген жауап келген.
Кейінірек, Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева ресми түрде жоғалғандар тізімінде болған кезде, Шалқар не болғанын түсіну үшін Наурызға WhatsApp арқылы қайтадан жазған. Бірақ бұл жолы жауап болмаған.
Куәгердің айтуынша, уақыт өте келе хабарламалардың өзі оны күдіктендіре бастаған. — Наурыз әдетте қатемен жазатын еді. Ал бұл жерде хат жазысу стилі мүлдем басқаша болды, — деп түсіндірді ол сотқа.
Мұқанғалиев те сотталушыға қарап сөз сөйледі.
— Алла кешіруші, шын өкінсең, Алла кешіреді. Бірақ сен өз әке-шешеңе, бес балаңа, Ақбаянның туыстарына, бізге үлкен өкініш қалдырып кеттің, — деді ол.
Куәгер Наурызбен қатар өскенін, жақын болғанын айтқан Шалқар, Наурыздың өз бетімен барып тиісетіндей жігіт емес екенін жеткізді. Наурыздың Сұлтанмен сөзге келіп қалғаны туралы ешқашан айтпағанын да атап өтті.
Ол сондай-ақ сотталушыға Ақбаянның туыстары тарапынан қысым жасалды деген нұсқаға сенбейтінін мәлімдеп, қайтыс болған адамдарды айыптамауды сұрады.
Мұқанғалиевтің айтуынша, Нәсіп Өтешқалиева, керісінше, өз немерелеріне үнемі көмектесуге тырысқан.
Сөзінің соңында ол Сәрсемалиевтің Наурыз Мұқанғалиевтің қаза болу эпизоды бойынша келтірген «өзін-өзі қорғау» нұсқасына күмән келтірді.
— Бір адам өзін қорғау үшін сегіз рет пышақ қолдандым деуі ақылға қонымсыз. Бір рет пышақ сұққан адам қан көрсе шошиды, ал мұнда жүрегі тас болып кеткен, — деп мәлімдеді куәгер.
Сот отырысы барысында іс материалдарының жаңа мән-жайлары да жария етілді.
Атап айтқанда, сарайдағы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйектерінің жанынан қан тиген балта табылған. Алайда сараптама ондағы қан қаза тапқандарға тиесілі емес екенін анықтады.
Сонымен қатар, қылмыс жасалғаннан кейін біраз уақыт өткен соң, үйдің кіреберіс есігінің кілемшесінің астынан тағы бір кілт табылған. Оны ол жерге кімнің және қашан қалдырғанын тергеу амалдары әлі анықтаған жоқ.
Бұл екі мән-жай да істі әрі қарай қарау барысында әлі де зерттеледі.
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +14.3